Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

-10 C
Nur-Sultan
-9.1 C
Almaty
1.3 C
Shymkent

Жақсыға ешкімнің де жаттығы жоқ

Танымал

Ел аузында

Қазақ халқы би-шешенге ықыл заманнан бай болған. Әсіресе, «Тура биде туған жоқ» даналығын ту етіп, адам тағдырын таразылаған  Төле, Қазыбек, Әйтекедей дана билеріміздің  тарихтағы орны ерекше. Ал, заманауи сот жүйесінің қазылары дана бабаларымыздың жолын жалғаушы ізбасарлары екені даусыз. Демек, осынау қиын да, күрделі, жауапкершілігі аса жоғары қызметте жүрген қазақ аналарының еңбегін қалай мақтасақ та жарасады.

Сондай аналарымыздың қатарында Нұр-Сұлтан қалалық сотының судьясы Мая Қасымова бар. Өмірден көргені көп, түйгені мол, өз ісінің кәсіби шебері Мая Төлегенқызының заңгерлік еңбек жолы – 35 жыл. Осы жылдары ішінде ол жауапты салаларда жауапты қызметтер атқарған. Судьялыққа   ҚР Президентінің Жарлығымен 2003 жылы тағайындалды.

Өзінің білім-білігін өндіріс, әділет, денсаулық, білім, спорт салаларында әбден шыңдап, сот жүйесіне бай тәжірибемен келген заңгер алғашқы судьялық жолын Көкшетау қалалық сотынан бастайды. Аталған соттағы 11 жылғы тәжірибесін Нұр-Сұлтан қаласының Алматы аудандық сотында жалғастырып, айтарлықтай жетістерге жеткені баршаға мәлім.

Мая Төлегенқызымен осы кезден бастап таныспыз. Яғни, Алматы аудандық сотында бірге жұмыс істеп, қызмет барысында жақын араластық. Бұл кісіні тек жақсы жағынан ғана суреттей аламыз. Мая Қасымованың азаматтық істерді қараған кездегі ешкімге дес бермейтін кәсіби біліктілігі мен шеберлігі әріптестерін тәнті етумен келеді. Өз басым бұл кісінің біреумен ренжіскенін немесе қынжылғанын көрмеппін. Сондай-ақ, ол айналасындағылармен жайма-шуақ, жайдары қалыпта араласады. Барлығымызға М.Төлегенқызының осы қасиеті ерекше ұнайды.

Мұны айтып отырғанымыз, елімізде биыл тұңғыш рет судьялар мен сот қызметкерлерінің мерекесі реми түрде бекітілді. Осынау атаулы күн – 24-маусым қарсаңында Нұр-Сұлтан қалалық сотында қызметін абыроймен атқарып, жұртшылықтың ризашылығына бөленіп жүрген әріптесім Мая Қасымова жайлы сөз қозғауды жөн көріп отырмын.

Мая Төлегенқызы терең білімді әрі аса еңбекқор, кәсіби тұрғыда өзін толық таныта білген судья. Сонымен қатар, халқымыздың «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дер» деген даналығын нық ұстанған жан. Қарапайым, жоғары адамгершілік иесі. Қашан көрсең де үлкенге де, кішіге де ізетті, маңайындағыларды өзінің мейірімді көзқарас, ықылас-пейіліне бөлеп жүреді.  

Осы тұста әйгілі ақын, сөз өнерінің сүлейі Сүйінбай Аронұлының әдемі жыр шумағын келтіре кеткен артық болмас.

         Жақсы жігіт ел – жұртының қаласындай,      

  Жақсы әйел әмме жұрттың анасындай        

Жақсыға ешкімнің де жаттығы жоқ,     

Көреді бәрін де өз баласындай-деп ақын жырлағандай Мая Қасымова ешкімді жатсынбайтын, алыс-жақынның бәрін жанына жақын тұтатын, жүрегі кең адам.

Мая Қасымова, әсіресе, заңдарды талдап, жүйе жұмысына жаңадан енген жобаларды тәжірибеде үйлестіре қолданудың қыр-сырын терең меңгерген. Бұл тұрғыда судья ҚР Жоғарғы Соты тарапынан енгізілген «Отбасылық сот» жобасының өмірге дендеп енуіне көп үлес қосып жүр. Жобаның тиімділігін БАҚ-тар арқылы ұдайы насихаттап, шаңырағы шайқалған отбасылардың сот арқылы жарасып кетулеріне зор еңбек сіңіріп жүрген оның жер қатынастарына байланысты мәміледен туындаған даулар бойынша жан-жақты талдау жасап, ұсыныстар әзірлеп, тараптар мәселесінің оңтайлы шешілуіне бағыт-бағдар берудегі тәжірибесі мол.

Алматы аудандық сотында біздің тәжірибелі судьядан үйренгеніміз көп. Сондықтан, оны әріптестері сот саласындағы игі істердің майталманы ретінде әспеттейді.

«Еңбектің еленгені – бақыт» демекші, Мая Қасымованың сот төрелегін шынайы атқарудағы еңбегі елеусіз қалмады. 20 жылдық судьялық қызметінде саладағы талай жоғары марапатқа ие болды. Сондай-ақ, марапаттардың мұнымен бітпесі тағы анық. Біз Мая Қасымованы өзінен кейінгі жастарға үлгі бола білетін, өмір жолы өнеге етерлік парасатты судья ретінде бағалаймыз. Өзімнің кәсіби шыңдалу жолымда Сіздей білгір судьямен  қызметтес болғаныма қуаныштымын.

Мая Төлегенқызы, ел күнтізбесінен орын алған кәсіби мереке құтты болсын! Балаларыңыздың қуанышына кенеліп, ұзақ ғұмыр сүріңіз. Әрдайым отбасыңыз аман, жүзіңіз жарқын болуына тілектеспін.

Жандос Жетібаев,

Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған

ауданаралық экономикалық сотының төрағасы

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

«Аманат» әуе дуэті IV Халықаралық балалар мен жастар цирк фестивалінде Алтын жүлдеге ие болды

Қазақ мемлекеттік циркінің әртістері, Дәулет Досбатыровтың жетекшілігіндегі «Аманат» әуе дуэті Данат пен Данали Досбатыровтар 6-8 желтоқсанда Тула мемлекеттік циркінде...