Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

-6 C
Nur-Sultan
3 C
Almaty
12.3 C
Shymkent

Қазыналы ел болудан қалып барамыз

«Қариясы бар ел – қазынасы бар ел». Қазақ өзін сөз қадірін білетін елге балайды. Әр сөздің астарына үңіліп, оның салмағын бағамдайды. Қариясын қазынаға балағанда да, оның астарындағы жүк салмағын екшеді, аға буын алдындағы жауапкершілігін сезінді. Алайда, бүгін осы сөзден де, істен де қадір қашқандай. Бір кездері қазынаға баланған қарттар қазіргі таңда қоғамның елеусіз бір тобына айналды. Оларға деген құрмет бір күндік қошаметтен әріге аса алмай отыр.

Танымал

Ел аузында

Қазан айы өте сала қарттық туралы әңгіме ұмытылып, барлық жерде жұрт қоғамды өзгертетін, болашақты өз қолымен жасайтын жастар туралы жалынды сөздерін қайталай бастайды. Осыған қарап кейде зейнет жасынан асқан соң өзін қоғамға керексіз боп қалғандай сезіне бастайтындар аз емес. Өйткені Үкіметтің өзі «бізге үміт артпа, бойыңда күш-қуатың барда жалақыңның бір бөлігін бірыңғай зейнетақы салымдарын жинақтау қорына аударып, осы бастан қам жаса» дегенді соңғы
20 жылдан бері әрдайым халықтың есіне салып келе жатыр. Бұл тәуелсіздік дәуірінде өмірге келіп, нарықтық қоғамға ерте бейімделген буын үшін қалыпты жағдай көрінуі күмәнсіз. Алайда Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі қиыншылықтың бәрін көріп, ауыр еңбектің енді жемісін жейтін кезде кейбірінің 40-50 жылдық еңбек өтілі болса да, Үкімет тағайындаған зейнетақыны не еміне, не өзінің күнделікті ішіп-жеміне жеткізе алмай, пұшайман болып жүрген біріміздің әке-шешеміз, екіншіміздің ата-әжеміздің қазіргі жағдайы кісі қызығарлықтай емес.

ҚР Конституциясының 28-бабына сәйкес, Қазақстан азаматына ауырған, мүгедек болған жағдайда, асыраушысынан айырылған жағдайда және өзге де заңды негізде ең төменгі жалақы мен зейнетақыға, жасы бойынша әлеуметтік қамсыздандыруға кепілдік беріледі. Заң бойынша зейнетақы – бұл мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерінің және
жасына байланысты төленетін зейнетақы төлемдерінің және еңбек сіңірген жылдары үшін және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдерінің жиынтығы. Біз бұл арада еліміздегі базалық, міндетті және ерікті деңгейден тұратын көп деңгейлі зейнетақы жүйесін емес қоғамның зейнеткерлерге деген құрметін, көзқарасын сөз етіп отырғандықтан, оған тереңдеп бармаймыз. Мәселен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне қарағанда, шілде айында республикалық бюджеттен зейнетақы
төлемдеріне 222,2 млрд теңге бөлінген. Оның 68,1 млрд теңгесі базалық, 154,1 млрд теңгесі ынтымақты зейнетақы
төлеуге арналған. 1 тамыздағы жағдай бойынша, елдегі зейнеткерлер саны 2 млн 238 мың адамды құрап, зейнетақы
төлемдерінің орташа мөлшері базалық зейнетақыны қоса есептегенде 99 921 теңге болды. Ол 1 маусымда 100 009
теңгені құраған еді. Электронды үкімет сайтындағы мәліметке қарағанда, зейнеткердің 2 миллионы – мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін алушылар. Оның мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан аз немесе болмаған
жағдайда ең төменгі күнкөріс деңгейінің (ЕТКД) 54%-на тең. 10 жылдан асқан кезде әрбір өтелген жыл үшін базалық зейнетақы 2%-ға ұлғайтылады.

Мысалы, еңбек өтілі 20 жыл болғанда, ЕТКД-нің 74%-ын, 30 жыл жұмыс істегенде ЕТКД-нің 94%-ын, 33 жыл және
одан астам болғанда ЕТКД-нің 100%-ын құрайды. Яғни 2019 жылы басталған пандемия жағдайында зейнеткерлердің
жағдайы жыл өткен сайын төмендемесе, жақсара қойған жоқ. Кейбір сарапшылардың пікірінше, әрбір бесінші зейнеткер қаржылық жағынан қиындық көруде. Оны ұлттық статистика бюросының мәліметінен де аңғаруға болады. Мәселен, жұмыс
істеп жүрген 65 жастан асқан зейнеткерлер саны былтыр 2019 жылмен салыстырғанда 20 пайыз, ал 2013 жылға қарағанда 41 пайызға артқан. Яғни күнкөріс үшін жастармен жағаласып, әлі жұмыс істеп жүрген қариялардың әрекеті кейбіреулер айтып жүргендей «Өсетін елдің қарты қазына болар, өспейтін елдің қарты қазымыр болар» деп мысқылдайтын нәрсе емес. Бұл қоғамның ащы шындығы, күрмеуі күрделене түскен түйткілді мәселесі. Бұл мәселе сейсенбіде «Педагогикалық ғылымдар академиясы» қоғамдық бірлестігінің Алматы қаласының қоғамдық даму басқармасының қолдауымен жүзеге асып жатқан «Отбасы институты» әлеуметтік жобасы бойынша ұйымдастырған шарасында да сөз болды. Жоба тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу, отбасы құндылықтарын арттыру, жастар арасында отбасы институтын нығайту, жастарға көмек көрсетуге бағытталған. Психолог Нұржамал Сүйсінованың айтуынша, қазір ата-ана болу мәселесі қоғамда күрделенген.

Оны «Бақытты отбасы» орталығына көмек сұрап келетіндерден де байқауға болады. Онда, әсіресе, әйелдер депрессия, стресс, психологиялық қысыммен ғана емес, отбасындағы, қызметтегі агрессиямен де көп шағымданады. Бұл менталитетке де байланысты. Қазақы тәрбиемен өскен әйелдер отбасындағы әңгімені сыртқа, сырттағы әңгімені үйде көп шығармайды. Ене мен келіннің, абысындардың өз арасындағы қарым-қатынас балалар тәрбиесіне де ықпал етуде. Жесір әйелдер де айналадағы адамдардан агрессияға көп ұшырауда. Мұның бәрі үлкеннің кішіге, кішінің үлкенге деген ізеті мен құрметіне сызат түсіруде. Егер мемлекет бұл мәселені науқанға айналдырмай, ғылыми түрде зерттеп, жүйелі түрде шешу жолдарын
қолға алмаса, бұл елдің болашағына да зор қауіп төндіруі мүмкін. Халықтың өмір сүру жасының орташа көрсеткіші
қазір 68,5 жасты құрайды. Бұл ерлер арасында 63,2 жасты, әйелдер арасында 74,1 жасты құрайды. Ал БҰҰ-ның экономикалық және әлуеметтік мәселелер бойынша департаментінің халық санағы бөлімінің деректері бойынша
әлемдегі орташа өмір сүру ұзақтығы 71 жасқа жуықтаған. Яғни 2030 жылға дейін дамыған 50 елдің қатарына кіруді
мақсат тұтып отырған мемлекетте қазір өмір сүрудің орташа көрсеткіші әлемдік деңгейден 3 жасқа төмен. Мұның өзі
Қазақстанның әлеуметтік, медициналық және экономикалық даму көрсеткішінің олқылықтарын көрсетеді. Егер
халық бақуатты өмір сүріп, өз тұрмысына қанағаттанатын болса, зейнетке шыққаннан кейін де жұмыс істеуге ешкім құлықты болмасы анық.


Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

ПРОБАЦИЯЛЫҚ ЕСЕПТЕГІ 400 АЗАМАТҚА АРНАЛҒАН ФОРУМ: «ӨТКЕННЕН САБАҚ, БОЛАШАҚҚА ҚАДАМ»

Түркістанда полиция мен прокуратураның ұйымдастыруымен «Өткеннен сабақ, болашаққа қадам» атты форумы өтті. Тәртіп сақшыларының қызметтік жүйесі бойынша пробациялық есепте тұрған...