Қыркүйектен бастап Қазақстанда 6 миллион әулетке қатысты ақпарат енгізілетін отбасының цифрлы картасы іске қосылады. Яғни 19 миллион 200 мың ел азаматының барлық мәліметі, нақтырақ айтсақ, әлеуметтік жағдайы, жалақысы, мемлекеттен алынатын жәрдемақылары толығымен көрсетіледі, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
Шенділер цифрлы картаны енгізудегі негізгі мақсат әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға өтінішсіз көмек беру екенін айтады. Ол үшін 24 түрлі мемлекеттік органның мамандары халықтың әлеуметтік жағдайын 5 түрлі баға арқылы тексереді. Көмекке мұқтаж деп танылған адамдарға SMS хабарлама келеді. Артынша азаматтарға жәрдемақы тағайындалады.
Айта кетейік, отбасының цифрлы картасы 10 түрлі мемлекеттік кепілді жәрдемақыны алатындарға тікелей қатысты. Ал атаулы әлеуметтік көмек тек комиссия шешімімен беріледі.
“Отбасының жағдайын анықтау үшін 24 ақпараттық интеграцияланған жүйе пайдаланылады. Олардың мәліметтері негізінде отбасының құрамы автоматты түрде айқындалады. Карта адамдарды экономикалық, әлеуметтік және тұрғын үй жағдайлары, денсаулығы, білімі бойынша бағалайды және отбасыларды 5 санат бойынша бөледі”, – деп мәлімдеді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басқарма басшысы Әсия Құрманқұлова.