2021 жылдың шілдесінде Еуропарламенттің арнайы комиссиясы 5G-дің өмір мен денсаулыққа ешқандай қауіп төндірмейтінін жария етті.
Әлеуметтік желілерді пайдаланушылар 5G форматындағы желілердің орнатылуына алаңдауда. Олардың кейбіреулерінің пайымдауынша, байланыс іске қосылған кезде адамдар кенеттен өле бастайды.
Stopfake.kz-те әдеттегідей ақпараттың рас-өтірігі жазылды.
«Шын мәнінде, 5G байланысының әсері адамдар үшін аса қауіпті деп ойлауға ешқандай негіз жоқ. 2021 жылдың шілдесінде Еуропалық парламенттің арнайы комиссиясы 5G-дің денсаулыққа әсерін зерттеу нәтижелерін жариялады. Онда мұндай байланыс өмір мен денсаулыққа ешқандай қауіп төндірмейді делінген. Сонымен қатар бүгінгі таңда 5G желілері Қытай, АҚШ, Филиппин, Оңтүстік Корея, Канада және басқа елдерде мыңнан астам қалада жұмыс істеп тұр. Бұл қалалардағы адамдар технология пайда болғанға дейінгідей өмір сүріп жатыр. Елді мекендерде жаппай өлім тіркелмеген. Сондай-ақ 2022 жылдың шілдесіндегі мәліметтерге сәйкес, 5G желісін орнату, іске қосу немесе инвестициялау бойынша жұмыстар әлемнің көптеген елдерінде жүргізіліп жатыр», – деп жазады ақпарат көзі.
Айта кетсек, Қазақстанда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің деректері бойынша 5G форматындағы байланыс 2022 жылдың соңына қарай қолжетімді болады. Бірінші кезекте оған Алматы мен Нұр-Сұлтан тұрғындары қосылады. Қалған қалаларда желілер 2025 жылға дейін орнатылады. Бұл ретте бұл желілердің жұмысы Қазақстанда пилоттық режимде іске қосылған.
Сайтта пилоттық жоба кезінде жаппай өлімге әкелген жағдай тіркелмегені жазылған.
«Демек 5G желілерін іске қосу Жер бетіндегі адамдарды өлтіреді деген теория фейк», – деп қорытады сайт.