Жыл сайын өткізілетін «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясынан Түркістан облысының полицейлері де қалыс қалмай жылдан жылға ұйымдастырып келеді. Бұл акцияның мақсаты – аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардың балаларына, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына қажеттіліктерін дайындап, қамтамасыз ету, оқушыларға мектепке дайындық кезеңінде көмек көрсету.
Аталмыш акция барысында Түлкібас аудандық полиция бөлімінің полицейлері де ұйымдастырды. Түлкібастық сақшылар «Мектепке жол» акциясын полиция бөлімінің мәжіліс залында өткізді. Яғни тұрмысы төмен 4 отбасын арнайы шақырып, қайырымдылық көмектерін көрсетті.
Түлкібас АПБ бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары полиция подполковнигі Қанат Түймебаев, ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, балалар үшін алынған канцелярлық заттарды, сөмкелерді табыстады. Мәз-мейрам болған балалар мен олардың ата-аналары алтын уақыттарын бөліп, қуаныш сыйлаған сақшыларға шексіз алғыстарын жеткізді.
Тура осындай шара Сарыағаш ауданында да өткізілді. Сарыағаш АПБ полицейлері Аманат партиясымен бірлесіп, аудандағы 5 мектептің 50 оқушысына мектепке қажетті канцелярлық заттар салынған сөмке, мектеп формасы және спорттық киімдер табыстады.
Сондай-ақ жиынға Аманат партиясы филиалының хатшысы Бейсен Тәжібаев, Сарыағаш ауданы полиция бөлімі бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары полиция полковнигі Н.Мутаевтар қатысып, ата-аналарды жаңа оқу жылымен құттықтады.
Мектеп ұстаздары, сый-сияпат табысталған оқушылардың ата-аналары өздерінің атынан балаларының мектепке баруына ықпал етіп, алаңсыз білім алуына жағдай жасаған жандардың жомарттығына алғыстарын айтып, қайырымды сақшылардың қайырлы істеріне ризашылығын білдіріп жатты. Аталмыш қайырымдылық акциясы алдағы уақытта да Түркістан облысының басқа да қала, аудандарында жалғасын таппақ.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі