Алматы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының емдеу-профилактикалық қызмет бөлімі жетекшісі Ләйла Иманғалиева стоматологиялық көмекті пайдалану жолдарын түсіндіріп берді.
Амбулатория деңгейіндегі жоспарлы және шұғыл стоматологиялық көмек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті арқылы қаржыландырылады және азаматтардың жекелеген санаттары үшін тегін көрсетіледі.
Ләйла Иманғалиеваның айтуынша, жоспарлы стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге ғана көрсетіледі.
«Олар тісті жансыздандыру, химиялық пломба салу, терапевтің қабылдауы, пульпит пен перидонтитті емдеу, флюороз, гипоплазия кезінде тістің анатомиялық пішінін толық қалпына келтіру, тісті хирургиялық жолмен жұлу т.б. қызметтерді тегін пайдалана алады. Тіс дәрігерінің қызметіне жүгіну үшін стоматологиялық клиникаға хабарласып, қабылдауға жазылған дұрыс», – дейді сарапшы.
Ал, шұғыл стоматологиялық көмек кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде, халықтың әлеуметтік жағынан аз қорғалған санаттарына ғана көрсетіледі. Олардың қатарында 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, ҰОС ардагерлері, барлық топ мүгедектері, «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған көп балалы аналар, зейнеткерлер, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жұқпалы және әлеуметтік маңызы бар сырқаттармен ауыратын науқастар, балалық шақтан І топ мүгедегін күтушілер бар.
Стоматологиялық көмекті емхана арқылы ғана емес, медициналық сақтандыру жүйесінде жұмыс істейтін жеке меншік тіс клиникалары арқылы да пайдалануға болады. Олардың толық тізімі: https://fms.kz/upload/iblock/a96/a96c885150d8167c0812d1292f7f28ab.xlsx
Естеріңізге сала кетсек, стоматологиялық көмекке қатысты барлық сұрақтарды медицина ұйымы жанындағы Пациенттерді қолдау қызметіне жолдауға болады.
Алматыда емханалар арқылы көрсетілетін стоматологиялық көмекті қалай пайдалануға болады
Танымал
Ел аузында
Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.
Сайт әкімшілігі