Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасына жергілікті тұрғынның бірі есірткі сақтайды деген хабарлама келіп түсті. Осы жайт бойынша полицейлер бірден жедел-іздестіру шараларын жүргізді, ақпарат жинақтады. Нәтижесінде күдікті ретінде бұрын сотты болған Сарыағаш ауданының тұрғынын ұстады. Күдіктінің үйіне тінту жүргізілді. Нәтижесінде оның үйінде ірі көлемде есірткі сақтағаны расталды.
Ер адамның ауласында орналасқан сарайдан 4 дана газет орамасына салынған есірткі тұқымдары мен 2 газет орамасында есірткіге ұқсас зат анықталды. Сондай-ақ тағы да марихуанаға ұқсас заты бар бір картон қорап пен қапқа салынған зат табылды. Одан бөлек үйдің жертөлесінен 0,5 литрлік шыны ыдысқа салынған, полиэтилен пакетке оралған және 2 дана темекі өнімдері, ішінде марихуанаға ұқсас зат алынды. Жергілікті тұрғыннан аталған айғақты заттар тәркіленіп, сараптамаға жолданды. Сараптаманың қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттың 2 келіден асатын «кептірілген марихуана» екендігі анықталды.
Сарыағаш АПБ-мен бұл жайт ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігі «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша СДТБТ-ға тіркелді.
Қазіргі таңда күдікті ер азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу барысында күдікті есірткі затын өзі егіп, өсіргенін жеткізді. Бүгінде полицейлермен оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға есірткі заттарын сақтау және оның заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік барын еске салады.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі