Қоғамда көп орын алатын қылмыстың бір түрі – ұрлық болса, бүгінгі мақаламызда автокөлік ұрлығы бойынша айтып өтпекпіз. Көлік ұрлығы қылмыстарының алдын алу мақсатында, Түркістан облысы ПД-нің полиция қызметкерлері жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Яғни автокөлік пен олардың иелерін, оның ішінде көрші мемлекеттер мен шекара маңындағы аудандарда тексеру бойынша мобильді бекеттер құрылған. Тәртіп сақшылары айдап әкетілген автокөлікті және ұрланған қосалқы бөлшектерді анықтау үшін гараж кооперативтеріне, жеке автошеберханаларға, техникалық қызмет көрсету сервистеріне, автотұрақтарға, автобөлшектеу пунктеріне, автобазарлар мен автодүкендерге ұдайы тексеру жұмыстарын жүргізеді.
Әкімдіктер, қоғамдық құрылымдармен бірлесіп, профилактикалық акциялар мен жиындар өткізіп отырады. Оның ішінде тұрғын үйлердің аулаларында, кіреберістерде және азаматтар көп жиналатын орындарда профилактикалық жаднамалар орналастырылады. Жер үйде тұратын тұрғындарға автокөліктерін үйінің ауласына кіргізіп қоюды, ал көпқабатты үйлердің тұрғындарына автокөліктерін жеке гаражға, егер гараж болмаған жағдайда бейнебақылау камерасы орнатылған, жарықтандырылған ақылы автотұраққа қоюды түсіндіреді. Жалпы осындай кешенді іс-шаралар аясында, ағымдағы жылдың 10 айында облыс көлемінде барлығы 10 дерек автокөлік ұрлығы тіркелген. Полиция қызметкерлірінің жедел әрекет етуінің нәтижесінде, оның 5 дерегі ашылып, 5 автокөлік иелеріне қайтарылды. Автокөліктерді ұрлағаны үшін 9 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 7 адамнан тұратын 3 қылмыстық топ құрықталды.
Мәселен Отырар аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, ауласында тұрған «Ваз-21060» маркалы автокөлігін белгісіз біреу айдап кеткенін хабарлаған. Аталған жайт ҚК 200-бабы «Автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу» бойынша тіркелді. Тәртіп сақшылары көлік ұрлаған күдіктіні құрықтау мен түр-тұлғасын анықтау үшін барлық қажетті шаралар атқарды. Содан арадан небары 2 күн өткенде жәбірленушінің көлігін заңсыз иемденіп кеткен азаматтарды анықтады. Осылайша отырарлық сақшылар күдікті ретінде бұрын сотты болған Түркістан қаласының екі жас тұрғынын құрықтады.
Белгілі болғандай, күдіктілер аталған қылмысты жасамас бұрын өзара ақылдасып, арнайы жоспар құрған. Оңай жолмен ақша табуды көздеген екеу, Отырар ауданына бет алған. Содан түнгі уақытта жәбірленушінің ауласында тұрған автокөлікті байқатпастан ұрлап кеткен. Қолды болған көлікті Түркістан қаласына дейін айдап келіп, жарамды бөлшектерін сатып жіберген. Ал қалғанын өртеген. Қазіргі таңда күдікті азаматтар қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі