Қазақстанда ұшақпен ұшу бағасы бір реттелмей-ақ қойды. Бұл мәселе жоғары мінберлерден қанша мәрте айтылса да құлақ асар ешкім жоқ. Бәлкім, құрылтайшылары жоғарыға жақын болғандығы себепті шығар, күштінің арты диірмен тартып отырғаны. Мәселен, “Air Astana” әуе компаниясы ұшу билеттерінің бағасын аспандатып қояды. Оны көрген «SCAT» кімді аясын? Бағасы арзан болады деген «FLYARYSTAN-мен» ұшу үшін сапарды 2-3 ай бұрын жоспарлауың керек. Тақалғанда оның билетіне де, билет бағасына да қол жетпей кетеді.
Ал, осыған не себеп? Бұл қайдан пайда болған баға? Қазақтың қыран ұшса қанаты талатын, тұлпар шапса тұяғы талатын даласында емін-еркін ұшу көпшілікке арман күйі қалып тұр. Ал, өзге елдерде қалай? Бүгінде қалталылар түскі шайға барып келіп жүрген Түркияның ішінде ұшу әлдеқайда арзан екен.
Атап айтқанда, Стамбул мен Анталья арасында ұшып-қону шамамен 10 000–12 000 теңге. Бұл тұрақты баға. Біздегідей 1-2 күн қалғанда бағаны балағынан сүйрету жоқ. Аталған екі қаланың арақашықтығы Алматыдан астанамызға барғандай шығар. Бірақ, бізде билет бағасы бірнеше есе қымбат. Ал, Алматыдан Ақтауға барғыңыз келсе бір бағытта орта есеппен 50-60 000 теңге шығындайсыз. Бұндай баға халықтың қалтасынан бұрын жүйкесін жұқартып тұр.
Сондай-ақ, баға мәселесі өз алдына… Қазақстандық әуе компаниялары рейстерінің кешігуі, жауапсыздық, жолаушыларды тегін тасып жүргендей қарым-қатынас жасауы көңілді құлазытады. Осы салаға өзгеретін, өзгеріс енгізетін уақыт әлдеқашан келді. Рухани жаңғырамыз деп бағаны жаңғырта беруді тежеу керек секілді. Әйтпесе, жолаушы жалығып, халық қажып барады.
Мейрамбек Сыдықбек