Алматы облысы Қарасай ауданаралық көпсалалы ауруханасында екі жақты өкпе эмболиясы бар науқастың өмірін құтқарды.
- Науқас ауруханаға ауыр жағдайда түсті. Үйде жиі есінен танып, кеуде қуысының ауырсынуына, ентігіп, қан қысымының төмендеп, қорқыныш сезімдері пайда болып, суық терге түскеніне шағымданған. Ауруханаға шұғыл түрде жеткізілген соң пациентке коронарангиография және ангиопульмонография диагностикалық зерттеулер уақтылы тағайындалды. Бұл жағдайда ауданаралық ауруханада алғаш рет өкпе артериясында аймақтық катетерлік селективті ТЛТ жүргізілді, – дейді интервенциялық бөлімше меңгерушісі Орынбасар Тайманұлы.
Науқас сонымен қатар операциядан кейінгі кезеңде реанимация және кардиология бөлімінде барлық профильдегі дәрігерлердің мұқият бақылауында болды. Бас дәрігердің орынбасары Стадников Максим Александрович науқасты күнделікті тексеріп, бақылауға алған. Нәтижесінде науқастың жағдайы жақсарып, қан қысымы тұрақтанып, ентігу төмендеді.
Дәрігерлердің айтуынша, «Өкпе эмболиясының» алғашқы белгілерінде жедел жәрдем шақыру керек екенін есте ұстаған жөн. Әдетте, бұл диагнозды бірден анықтау мүмкін емес. Өйткені пневмония, бронхит, инфаркт сияқты басқа да аурулармен белгілері ұқсас болып келеді. - Иә, бұл жағдайда алғашқы қажетті медициналық көмекті уақытында көрсету өте маңызды болды . Жалпы, мен пациентті мұқият тексеруді ұсынамын. Егер инфаркт пен ПЭ – ге күдік болса, дәрігерлер келгенге дейін науқасты тыныштандырып, таза ауаға қол жеткізуді қамтамасыз етіп, кеуде қуысын тар киімнен босатуды ұсынамын, – дейді Орынбасар Тайманұлы.
Шамамен, мамандардың айтуынша, жыл сайын он миллионнан астам адам қан ұюы салдарынан қайтыс болады. Өлім жиілігі бойынша бұл патология жүректің ишемиялық ауруынан, инсульттан және кейбір онкологиялық аурулардан кейінгі екінші орында тұр.