Оқу-ағарту министрлігі Қазақстанда балаларға арналған SIM-карта енгізу идеясын талқылап жатыр. Бұл туралы Мәжіліс отырысында оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан айтты, – деп хабарлайды Massaget.kzтілшісі.
«Біз балалардың SIM картасын, яғни ата-аналардың бақылауында болатын балаларға арналған жеке SIM картасын енгізуді ұсынып отырмыз. Бала сол SIM-карта арқылы интернетке қосылса, міндетті түрде ата-аналардың рұқсаты сұралады. Осындай жүйе енгізуді ұсынып отырмыз. Бұл баланың интернетте қандай сайтқа кіргенін, қандай әлеуметтік желіде отырғанын бақылауға мүмкіндік береді. Тағы бір мәселе, ата-аналар Интернетте өткізетін уақытын шектей алады. Өйткені бала кешке дейін интернетте отырады. Біз балалардың қауіпсіздігін ойлайтын министрлік ретінде осыны ұсынамыз», – деді Еділ Оспан.
Шенеуніктің айтуынша, министрлік бұл бастаманы басқа да мемлекеттік органдармен талқылауды жоспарлап отыр. Бұл ретте олар ата-аналар қауымының қолдауына сенеді.
«Бұл әлі де ұсыныс деңгейінде. Техникалық мүмкіндіктерді бұрын зерттей келе, біз мұны дұрыс деп санаймыз, өйткені интернеттегі балалардың қауіпсіздігі мәселесі өте өзекті болып отыр. Мектеп жасындағы балалары барлар, қолдайды деп ойлаймыз. Балаларымыз үшін қауіпсіз сайттарда отыруын қамтамасыз етуіміз керек. Баланың телефонын зорлықпен тартып алуға болмайды», – деп қосты Оспан.