Күдіктіні ауыл адамдары полицияға өздері ұстап берген.
Түркістан облысы Арыс қаласында 5 жасар қыз азғын құрбаны болды. Осылай деп шулаған аймақ тұрғындары бірнеше күннен бері ес жия алмай отырғанын айтты, деп хабарлады Almaty.TV.
Телеарна хабарлауынша, қаршадай қызға зәбір көрсеткен қаскөй дәл сол ауланың тұрғыны болып шықты. Күдіктіні ауыл адамдары полицияға өздері ұстап берген.
Тұрғындар азғындыққа барған жігіттің бойдақ екенін және тұрақты жұмысы жоғын айтады. Көпшілік сөзінше, ол арам ойын тапа тал түсте іске асырған. Көзіне жас толған қаршадай қыз подъезден қашып шығыпты. Дәл сол уақытта жәбірленушінің әкесі далада жүрген екен.
«Негізі әрі-бері өтіп жүрген жігіт. Бірақ былай мін салмайсың ғой. Жас болғаннан кейін. Әкесі подьездің алдында мәшине жуып тұр. Ал ол жағдай 3-этажда болып тұр. Ол қыз шығып, әкесіне айтқан», – деді Арыс қаласының тұрғыны Айгүл Ишанова.
«Азғын ойын іске асырған соң, өзі мойындады. «Кешіріңіздер, мен білмей қалдым. Мені де шайтан ұрды» деп айтқан. Бізде бейнекамера жоқ», – деді Арыс қаласының тұрғыны Гүлдана Исалиева.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы қыз жансақтау бөліміне жатқызылды, тамағы жырылды деген ақпаратты жоққа шығарды. Сөздерінше, 5 жасар бүлдіршін қазір үйінде. Ал күдіктіні көпшілік полицияға өздері ұстап берген.
«Бұл факт ҚР ҚК 121-бабы, 4-бөлігі бойынша тіркелді. Күдікті қамауға алынды. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда. Полицейлер дағдарыс орталығымен байланысып, қызбен психологтар жұмыс жүргізді. Қазір жасөспірім үйінде», – деді Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Қуатов.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, сараптама қорытындысына сәйкес, қыздың денесінде жарақат анықталмаған.