Бүгінгі «Жолда қабылдау» акциясында азаматтар тарапынан шетелден әкелген көліктерді тіркеу бойынша сұрақтар көбірек қойылып, қызу талқыға түсті. Бұл бойынша сала мамандары қажетті мәліметтерді таныстырып, кеңес берді. Яғни жаңа алгоритм бойынша шетелдік көлігі 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінген, 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін тіркеуге өтініш берген тұрғындардың көліктерін уақытша тіркеп, қазақстандық нөмір алуына мүмкіндік берілуде.
Айта кетсек, 14-15 шілде күндері республикалық «Жолда қабылдау» акциясы өткізілуде. Түркістан облысының полицейлері әрбір аудандағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарында тұрғындарды қабылдауда. Ал облыс орталығында арнайы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында өтті.
Өз кезегінде Түркістан облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі А.Тастанбеков: «Аталған акция өткен жылдары ай сайын өтсе, ағымдағы жылдан бастап жылына тек бір рет, сапалы әрі нәтижелі өткізу тапсырмасы берілді. Осы бағытта бүгін міне, адамдар көп шоғырланған Халыққа қызмет көрсету орталықтарында құқықтық кеңес беріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз. Шетелдік көліктерді уақытша тіркеу, тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша Заңға енгізілген өзгерістер жайлы айтып, ескертудеміз.
Сонымен қатар жол көлік оқиғалары жиі болатын аумақтарда жүргізушілерге жол қозғалысы ережесін сақтауды қатаң тапсырып, жаднамалар таратудамыз»-деп атап өтті.
«Жолда қабылдау» акциясы аясында тұрғындар қабылдауға белсенді қатысып, акцияның алғашқы күнінде облыс көлемінде 213 азамат өз өтініштерін білдірді. Ал әлеуметтік желідегі тікелей эфирлерді 500-ге жуық қолданушы бақылады.
Аталмыш акцияның мақсаты-азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, полицияға деген сенімін нығайту.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі