Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде 2023 жылдың 13-қазаны күні, сағат 15:00-де ақын, драматург Исраил Сапарбайдың «ЖЫР АЙДЫНЫНЫҢ АЛЫП КЕМЕСІ» атты әдеби-танымдық кеші өтеді. Шара аясында ақынның «Имани гүлдің төркіні», «Әлем, әйел және мен», «Әмір Темір» кітаптарының тұсауы кесіліп, музей қорына тапсырған жеке мұрағаттары көпшілік назарына ұсынылады.
Исраил Сапарбай 1941 жылы 15 мамырда Өзбекстан Республикасының Самарқанд облысы, Кушрабад ауданында дүниеге келген. Ол сан қырлы өнер иесі. Атап айтсақ, ақын, драматург, аудармашы, сазгер. «Платиналы тарлан» сыйлығының лауреаты және «Парасат» орденінің иегері.
Алғаш рет ақынның бір топ өлеңі 1975 жылы «Көктем тынысы» жинағында жарық көрді. Бүгінде И. Сапарбай көптеген жыр жинақтарының авторы. Сондай-ақ 10-нан аса драмалық шығармалары: «Ауылдан келген ару», «Әмір-Темір», «Абай-Тоғжан», «Сыған середанасы», «Махаббат мейрамы» пьесалары театр сахналарында қойылып жүр.
И. Сапарбай 80-ге тарта ән, 200-ге жуық ән мәтіні және 30-дан аса жыр жинақтарының авторы. Оның сөзіне жазылған әндерді Алтынбек Қоразбаев, «Музарт» тобы, Нұрлан Абдуллин, «Серілер» тобы, Тамара Асар, Алтынай Жорабаева, Бауыржан Бекахметов сынды қазақ эстрасының жарық жұлдыздары орындайды.
Аталған іс-шараға ҚР Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Әбдешұлы, ҚР Еңбегі сіңірген қайраткері Тұңғышбай Жаманқұлов, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Темірхан Медетбек, белгілі ақын Ақберен Елгезек пен ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс және «МузАрт» тобы, Алма Аманжолова, Сандуғаш Стамғазиева сынды танымал эстрада жұлдыздары қатысады.