Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті және ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының қолдауымен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі Әзербайжан Республикасы Мәдениет министрлігінің Ұлттық кілем музейіменбірлесіп, «Өрнекпен өрілген өнер» этнографиялық көрмесін өткізді.
Көрменің ашылу салтанатында Әзербайжан ұлттық кілем музейінің директоры Ширин Меликова және ҚР Әзербайжан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әлім Дәуренұлы, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының өкілі Жалел Джавит пен ҚР Мемлекеттік орталық музейінің директоры Рашида Ерімқызы сөз сөйлеп, көпшілікті көрменің ашылуымен құттықтады.
Көрме ҚР Мемлекеттік орталық музейінің этнографиялық коллекциясы негізінде ұйымдастырылып отыр және көрме экспозициясы қазақ халқының дәстүрлі мәдениетін кеңінен насихаттайтын ұлттық мобильді киіз үйі кеңістігінің дәстүрлі түрде бөлінуіне сәйкес ораналастырылған үй жабдықтары, тұрмыстық заттар, киім, ат әбзелдері үлгілері және экспозицияда ерекше орын алып отырған ұлттық кілемдер түрілерімен бірге тоқыма және киіз бұйымдарының үлгілерімен қамтылған.
«Өрнекпен өрілген өнер» көрмесінде ұсынылған сан алуан ұлттық бұйымдар қазақ халқының мыңдаған жылдар бойы көшпелі өмір салтында қалыптасқан дүниетанымын, мыңдаған жылдық көшпелі өмір салты негізінде қалыптасқан бай дәстүрі мен мәдениетін ұлттық ою-өрнек символы мен семантикасын ашу арқылы көрсетуге бағытталған.
Көрменің мақсаты: Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің этнографиялық коллекциясы негізінде қазақ мәдениетінің сан-алуан түрлілігін көрсету.
Көрмеде көркемдік және тарихи мәні жоғары, текстурасы, жасалу техникасымен және көркем ою-өрнек түрлерімен ерекшеленетін, дәстүрлі тоқыма өнерін айқын сипаттайтын қазақ кілемдері, сондай-ақ шағын пішінді кілем бұйымдары ерекше орын алады. Аталмыш бұйымдардың даярлау техникасы, композиция мен безендірілуі әр алуан, сондай-ақ, жалпы қазақ дәстүрлі өнерінің көптеген түрлерін ашып көрсететін ою-өрнектерге ерекше мән берілген. Жалпы Орталық музей қорында кілем, яғни «қалы/түкті кілем», «тықыр килем» (түксіз кілем) деген түрлерін, тоқыма және киіз бұйымдарын қамтитын коллекциясы 1760 сақтам бірлікті құрайды.
Көрмеде қазақ кілемдердің ерекше бір түрі – «арабы кілем». «Арабы кілем» – тақыр кілемдердің ішінде өзінің тоқылу техникасы жағынан да, композициясы мен иконографиясы тұрғысынан да ерекшеленеді. Оның композициясы ою-өрнек терілген бірнеше көлденең жолдардан тұрады. Бұл жолдардың әрқайсысындағы бірін-бірі қайталайтын ою-өрнектерді жеке иконографиялық желіс ретінде де қарастыруға болады. Арабы кілем тоқылу үрдісінде ою-өрнектері «орама теру», ал, кілемнің өрнексіз ашық тұстары «терме теру» тәсілдері қатар қолданылатынымен ерекшеленеді. Яғни, «арабы кілем» бойында терілген ою-өрнектердің оның үстіңгі және астыңғы беттеріне бірдей түсетіні сондықтан.
«Өрнекпен өрілген өнер» көрмесінде қойылып отырған қазақ тұрмыстық және шаруашылық бұйымдары да киіз үй ішінде дәстүрлі орналасу тәртібін сақтай отырып қойылған. Үйдің құрметті орны – «төр» сандықтармен сәнделген. Сондай-ақ, киіз үй кеңістігіне сәйкес ат әбзелдері – «ертоқым» мен «қамшы», «адалбақан» (киім ілгіші) ерлерге арналған «оң» жағында, ал, тұрмыстық заттар – «кебеже», «саба» және басқалары – сол жақта, яғни әйелдер жағында орналасқан.
Жалпы көрмеде 67 сақтам бірлік музейлік заттар қойылды.
Көрме Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасындағы Елшілігі мен Әзербайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды.