Қазіргі қоғамда әкенің отбасындағы орны жайлы көп айтыла бермейді. Айтылса да жағымсыз пікір көп. Оған мысал да аз емес. Тұрмыстық-зорлық зомбылық, жұмыссыздық, бала тәрбиесі жайлы кез келген әңгіменің түйіні айналып келіп осы ер-азаматтарға тіреледі. Алайда, дәстүрлі қазақ қоғамындағы әкенің рөлі қандай еді? Бұл ретте, тарихқа көз жүгіртсек, әке бейнесі бірден асқақтап шыға келеді. Қазақтың қазыналы қариясының бейнесі көз алдымызға қайта оралады. Ақылгөй, дана, айбынды…
Ш.Уәлиханов атындағы №12 мамандандырылған мектеп-гимназиясы игілікті бастаманы қолға алды. “ Ата-аналарды педагогикалық қолдау» бағдарламасына сәйкес ата-аналар апталығы жоспарланып, 5,6-сыныптар арасында “Әке тәрбиесі-үлкен мектеп ” атты әкелер конференциясы ұйымдастырылды.
Шара аясында ата-аналарға ашық есік күндері өтті. Ашық есік күнінде ата-аналар мектепке келіп, балалардың сабағына қатысты. Өзінің ой-пікірлерімен бөлісті. Бала тәрбиесі мен білім сапасы, әке мен баланың қарым-қатынасы жайлы көзқарастарын ортаға салды.
Мектеп басшылығы қолға алған игілікті шараның негізгі мақсаты да мектеп пен отбасының өзара байланысын, қарым-қатынасын нығайту;
— Отбасы қарым-қатынасындағы сенімділікті және сыйластықты қалыптастыру;
— Бала тәрбиесінде Әкенiң рөлінің маңыздылығын түсіндіру болатын.
Конференция барысында гимназия директоры Ж. Бекжанова конференцияның мән-мазсұнына тоқталып, мақсатымен таныстырып, баяндама жасады.
“ Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі” , “ Бала тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтар” тақырыбында әкелер өз ойларымен бөлісті. Әкелер жайында бейнероликтер, ой-толғаулар көрсетіліп, сұрақтар қойылды.
Конференцияға қатысқан ата-аналар әкенің отбасында орнының әрқашан биік тұратынын, сапалы, саналы ұрпақ әкеге қарап бой, ой түзейтінін айтты.