Халқымыз «Ғалымның хаты өлмейді, батырдың аты өлмейді» деп тәмсілдейді. Расында да, өмір жолында ізгілікті берік ұстанып, тірлік күресте адамдық қалпынан айнымаған жандарды жұрты дәуір көшсе де ұмыта қоймайды. Азаматын ардақтап, өткенін өнеге тұтатын қазақ халқы үшін ерлер есімі күн санап жаңғырып, тарих беттерінде алтын әріппен жазыла бермек. Мұндайда қазекең «Елім деген ер барда, ерім дейтін ел табылады» – дейді.
Жақында саналы ғұмырын елдік мұрат жолында жұмсаған қоғам қайраткері, Қармақшы ауданының құрметті азаматы Болатбек Сүлейменовті елі ұлықтап, еске алды. Сыр өңірінде Б.Сүлейменовті еске алуға арналған дзюдо күресінен 2004-2006 жылы туылған жастар арасында халықаралық турнир өтті. Бұл – аталмыш спорт додасының 22-ші мәрте өтуі. Сайысқа 20 облыс және Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан бозкілем шеберлері қатысты. Сонымен қатар, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен де палуандар бақ сынасты. Барлығы 315 спортшы өзара мықтыларды анықтады. Жарыс барысында ер және қыз балалар 14 салмақ дәрежесі бойынша жүлделерді сарапқа салды. Жарыс жайлы турнирдің бас төрешісі, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қайрат Биназарұлы баяндады. Ол өз сөзінде: «Жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан турниріміз шет елдік спортшылар мен жаттықтырушылардың да қызығушылығын тудырады.
Бәсеке тартысты әрі әділ өтеді. Биыл халықаралық дәрежедегі 8 төреші төрелік етіп отыр. Сонымен қатар, турнирде І, ІІ, ІІІ орын иегері атанған жеңімпаздарымыз «Дзюдо күресінен спорт шеберлігіне үміткер» спорттық дәрежесіне ие болады», – деді. Ұйымдастырушы – Қызылорда облыстық дзюдо федерациясы. Сонымен қатар, сан жылдар бойы атаулы жарыстың тұрақты өткізіліп отыруына түрткі болған Б.Сүлейменовтің ұлы, спорт жанашыры Сағатбек Сүлейменовтің есімін ерекше айта кетуіміз керек. Биылғы байрақты бәсекенің ашылу салтанатында алғы сөз Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Зейнабдинұлына берілді. Ол Болатбек Сүлейменовтің өнегелі өмір жолына тоқталып, турнир тарихы жайлы сөз етті. Қатысушы спортшыларға сәттілік тілеп, шын мықтылар топ жаратынына сенім білдірді. Сондай-ақ, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қызылорда облысының дзюдо федерациясының вице-президенті Ишанбек Жұмабаев өз кезегінде барша ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығының директоры, спорт жанашыры Қыдырбек Рысбек пен Болатбек Сүлейменовтің замандас інісі, құрметті теміржолшы Өмірбек Жүсіпов өз құттықтау сөздерінде кейіпкеріміз жайында жылы естеліктерімен бөлісті. Қадірлі қонақтардың қатарында Б.Сүлейменовтің үзеңгілес досы, қызметтес әріптесі Жұмағұлов Исағали бар. «Болатбек мінезі көркем, білімі терең, пайым-парасаты кемел адам еді. Қандай істі бастаса да, дөңгелетіп әкететін іскер жан еді. Қармақшы ауданын көркейту жолында қажырлы еңбек етті. Жаңажол ауылын басқарып, онда мектеп, спорт нысандарын, мәдениет клубтарын тұрғызды. Өз әріптестерінің арасында сыйлы еді. Бастамашыл, ұжымды ұйыстыра кететін көшбасшылық қасиетке ие еді», деді ол. Көзкөрген інісі, Қызылорда облыстық мәслихат депутаты, Ішкі істер органдарының құрметті қызметкері Әмірбек Шаймағамбетов: «Болатбек ағаның табандылығына тәнті едік. Әр бастамасын аяғына жеткізбей тыңбайтын. Сонымен қатар, ол елдің қамын өз қамынан жоғары қоятын. Елжандылық, отансүйгіштік қасиеттерімен көпке үлгі бола білді. Қазір ағайдың ұрпақтары еліміздің түкпір-түкпірінде елеулі еңбек етуде», – деді. Бұл байрақты бәсекеден үлкен үміт күткендердің бірі – қырғызстандық жаттықтырушы Даулет Досалиев. Ол қырғыз командасының тыңғылықты дайындықпен келгенін айтты. «Қырғыз бен қазақ – бір туған бауырлас ел. Екі мемлекет арасындағы достық қатынас арқасында біздің спортшыларымыз Қазақстан Республикасының спорт сайыстарына кедергісіз қатысып келеді. Б.Сүлейменовті еске алу турнирі өте жоғары деңгейде өткізіледі. Биыл алты бірдей шәкіртімізді додаға қосып отырмыз. Дайындық жақсы, ендігі жағдайды татами көрсетеді. Қолдауларыңызға, қонақжайлықтарыңызға шоң рақмет!» – деді ол. Жарыста әртүрлі салмақ дәрежелері бойынша астаналық Сұлтанхан Данил, өзбекстандық Тошпулатов Низомиддинхужадан, тәжік спортшысы Чабборов Илхомиддин, алматылық Балғабай Досбол, тараздық Тұрлыбек Диас, жетісулық Байтас Бағжан, алматылық Амирханов Нұрлан, Райс Бейбарыс жеңімпаздар көшін бастады. Қыз балалар арасындағы күрес те тартысты өтті. Жүлденің дені жергілікті спортшылардың қанжығасына ілінді. Шымкенттік Даушова Маржан, абайлық Қаракенова Карина, атыраулық Бітімбай Шынар, түркістандық Қыдырғали Ақбота, атыраулық Жандырбай Аружан, Бақытбек Көркем қыздар арасында жарыс жеңімпазы атанды.
Ш.ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ