Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

-10 C
Nur-Sultan
-4.1 C
Almaty
5.3 C
Shymkent

Мәжіліс ірі кәсіпорындарды тексеруге салынған мораторийді алып тастауды ұсынды

Танымал

Ел аузында

Депутаттар Қарағанды облысы Костенко шахтасындағы апаттан соң ірі кәсіпорындарды тексеруге салынған мораторийді алып тастауды ұсынды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы бір минут үнсіздікпен басталды. Костенко кен орнындағы апаттан соң депутат Арман Қалықов Үкіметке депутаттық сауал жолдады.

Ол шахтадағы қайғылы оқиға бүкіл Қазақстан халқын дүр сілкіндіргенін айтты.

«Біз Мәжілістің атынан әрбір отбасына шын жүректен қайғырып көңіл айтамыз. Бұл жағдай «Қазақстан» шахтасындағы апаттан 2 айдан соң болды. Мұндай жазатайым оқиғалар өз қызметкерлеріне жауапсыздықпен қарау салдарынан болғаны айқын. Олар қазақстандық кеншілердің маңдай тер мен адал еңбегінің арқасында ақша тапты. Алайда «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бәріне үнемдеді», – деді депутат.

Арман Қалықов соңғы 4 жылда бұл компания жылына 200 миллиард теңгеден аса пайда тапқанын, оның басым бөлігін шетелге шығарғанын жеткізді.

«Жасалған ескертулерге, өнеркәсіптік қауіпсіздікке инвестиция салу, көмір өндіруді кеңейту, барлық өндірісті жаңғырту туралы келіссөздер жүргізуге әрекет жасалғанына қарамастан, компания еш келісімге келмеді. Салдарынан биыл 2 апат тіркелді. Компания Қазақстанда жұмыс істегеннен бері жүздеген қазақстандық қаза тапты. Мыңдаған адам денсаулығынан айрылып, мүгедек болып қалды. Қазір Президент «Арселормиттал Теміртау» АҚ-мен ынтымақтастықты тоқтату туралы дұрыс шешім қабылдады», – деді депутат.

Ол қазақстандықтар компания жұмысын тоқтатады деп қорықпауы керегін мәлімдеді. 

«Біз адамдар қандай күй кешіп жатқанын білеміз. Өкінішке қарай, шетелдік инвестор кетсе, онда барлық өндіріс тоқтайды деген 1990-жылдары болған қорқыныш бізде әлі бар. Мүлдем олай емес. Біз кәсіпорынның жеткілікті ақша таба алатынын көріп отырмыз. Көмір өнеркәсібінде 30 жылдық тәжірибесі бар қызметкер ретінде қарағандылықтарды сабырға шақырғым келеді.

Бізде осы жылдар ішінде тікелей инвестор бола алатын, әлеуметтік жауаптылығы бар кәсіпкерлер саны жеткілікті дәрежеде өсті. Осы трагедиядан кейін басқаша болуы мүмкін емес. Біз осы кәсіпорынды өз бетінше дамыту үшін өзіміздің кәсіби кадрларымыз жеткілікті деп санаймыз.

Қарағанды көмір бассейні мен болат балқыту комбинатының стратегиялық объектілер екенін түсінеміз. Он мыңдаған адамның тағдыры сол жұмыс орындармен байланысты. Қарағанды, Теміртау, Шахтинск және Рудный қалаларын ешкім тастап кетпейді.

Алдағы уақытта әрбір жұмысшының өнеркәсіптік қауіпсіздігі мен еңбегін қорғауға ерекше назар аударылады. Бұл қарапайым жұмысшылардың жағдайын жақсарту керек. Олар шахтаға соңғы рет барамыз деп түспеуі керек. Кеншілер мен олардың отбасылары ертеңгі күнге сеніммен қарауы шарт», – деді Арман Қалықов.

Депутаттар әрбір жұмысшының еңбегін қорғау жөніндегі заңға маңызды түзетулер әзірлеп, Үкіметке жіберген. Заң жобасында өнеркәсіптік қауіпсіздік инспекциясы және еңбек инспекциясы тұрғысынан мемлекеттік бақылауды күшейту ұсынылады.

Ол Мәжіліс ірі кәсіпорындарды тексеруге салынған мораторийді алып тастауды ұсынып отырғанын жеткізді.

«Қазақстандықтардың қауіпсіздігі, олардың еңбек құқығын қорғау артта қалып отыр. Бүгінде елімізде өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі 260 мемлекеттік инспектор ғана бар. Бұл жеткіліксіз екені анық. Үкімет өндірістегі жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бақылау функцияларын күшейту туралы ойлануы керек. Сондай-ақ, елдегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды тексеруге мораторийді алып тастайтын уақыт келді. Біз қауіпті және зиян өндірістерде жұмыс істейтін барлық адам үшін зейнетке шығу жасын төмендету бойынша жұмысты жалғастырамыз», – деп сөзін түйіндеді Арман Қалықов.

Еске салайық, алдымен бұл шахтада 7 адам қаза тапқаны белгілі болды. Ал кейін қаза тапқандар саны 45 адамға жетті. Кеше Сырым Шәріпханов соңғы кеншінің денесі табылғанын айтты. Сонымен қатар, ауруханада жатқан зардап шеккендердің жағдайы айтылды. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаралы жағдайдан кейін «АрселорМитталТеміртаумен» ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. 

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

Түркістанда «Заң және Тәртіп – қауіпсіз қоғамның кепілдігі» атты форум өткізілуде.

Мемлекет басшысы құқық қорғау және бейінді мемлекеттік органдардың алдына азаматтардың жан – жақты қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін қойды. Біздің...