Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

-21 C
Nur-Sultan
-11.1 C
Almaty
-10.7 C
Shymkent

Сағынтаев Алматының ортасын әдемілей бермей, шет жақтарына да мән берсеңіз!

Танымал

Ел аузында

Редакциямызға Алматы қаласының шеткі аудандарының тұрғындарынан арыз түсті. Мегаполис атанғанымен жылдар бойына батпаққа батып жатқан Алматы қаласының шеткі ауданының бүгінгі ахуалы қынжылтпай қоймайды. Ашынған тұрғындардың арызын өзгеріссіз беруді жөн көрдік.

«Шетсіз қала» бағдарламасын жасап, «қаланың шетінің бәрін қарық қыламын» деген әкім уәдесін орындай алмай отыр. Шаһар басшысы болып келгеніне үш жылдан асса да қаланың шеткі аймақтары түзелген жоқ. Бір сөзбен айтқанда, әлсіз әкім – Сағынтаев істің емес, сылдыр сөздің «деятелі» екен. Тәуелсіздіктің алтын бесігі атанған Алматыға қызыл сөзбен емес, іспен дәлелдейтін әкім керек-ақ болып тұр.  

Шыны керек, Сағынтаевтың тірлігі «показухамен» айналысу болып кетті. Әкімнің жүрген-тұрғанының бәрі БАҚ бетінен түспейтін болды. Өзі де пиарға соншалықты құмар ма, әр апта сайын Алматы телеарнасындағы Akimat LIVE бағдарламасына шыға беретін болды. Онда Алматының шынайы мәселесі көтеріліп, оны шешу жолдары қарастырылса, мейлі ғой. Әкім апта сайын теледидарға шығып, «бәрі керемет, тамаша, қатырамыз» деп сылап-сипап, тілмен Мәскеу тұрғызып, іспен дым бітірмейді. Бар тірлігі тек жоғарыға «отчет» жіберіп, қара басының пиарымен айналысу ғана. Әкім қатысатын осы бағдарламаға телефон шалып, шаһар басшысына сұрақ қояйын десең, өмірі телефондарын көтермейді. Тек өздеріне ыңғайлы сұрақтарды алдын ала дайындатып, солар ғана телефон шала алатындай етіп қойған. Әкім тек өзі дайындалып келген сұрақтарға ғана жауап беріп отырады. Сценарий бойынша бәрі дұрыс көрінеді, бірақ барлығы өтіріктен құралғаны аңғарылып тұрады. Онда бөтен көрермен ешқашан сұрақ қоя алмайды. Сондықтан да онда әкімге ыңғайсыз сұрақтар қойылған емес. Алматы әкімдігі мұнымен кімді алдағысы келеді. Халықтың бәрін ақымақ, өздерін ғана ақылды санай ма? Мұндай тұрпайы, ұятсыз, жиіркенішті тірлік кімге керек?   

Қаншама жылдан бері Сағынтаев қаланың шеткі аймақтары тұрғындарының жанайқайын естімей келеді. Мұнда халық үніне құлақ асатын билік жоқ. Елбасы Н.Назарбаев, Президент Қ.Тоқаев мына Сағынтаевқа деген сенім кредитіңіз қашан таусылады? Қаланың шетінде отырып, өркениеттен өгейлік көрген Алатау ауданы «Теректі» ықшамауданының тұрғындары әлі күнге дейін қыста белуардан батпақ кешіп, жазда шаң жұтып жүр. Көшелеріне асфальт тұрмақ, тас та төселмеген. Жол азабын тартып келе жатқан теректіліктер жарыққа да жарымай отыр.

Сылдыр сөзді Сағынтаев алматылықтарды ашындырып бітті. Алатау ауданы «Теректі» ықшамауданының тұрғындары 7-8 жылдан бері жол азабын тартып келеді. Алматы үлкен қаржы орталығы бола тұра айналдырған екі шақырым көшеге (Квартал КазМИС көшесіне) дені дұрыс жол жасата алмай отыр.

Сағынтаевтың «Шетсіз қала» бағдарламасы нақты іс жүзінде емес, әшейін сөз жүзінде қалып отыр. Жолдар лай-батпақ, көше жарық болмаған соң, ұрылар да білгенін істейтін болды. Қала әкімі бос белбеу, сылбыр болғандықтан, айналасына өңшең сөзінде тұрағы жоқ ынжықтарды жинап алған. Қашанғы қарапайым халық қолынан түк келмейтін әкімқаралардың кесірінен зардап шеге береді?! Айналдырған екі шақырым жолды жөндей алмаса, тұрғындардың суы мен жарығын шеше алмаса, онда ол несіне ірі мегаполисті басқарып отыр?

Есесіне, олардың қала ішіндегі тақтайдай теп-тегіс жолдарды қырып (Биыл Райымбек, Сүйінбай даңғылдарының жолдарын қырып, қайта жасады), қайта асфальт төсеуі зығырданыңды қайнатады. Құдай-ау, қаланың шет жағы лай-батпаққа айналып тұрғанда, олардың қала ішіндегі тегіс жолдарды қырып, қайта жасауы еш ақтауға жатпайтын тым өрескел іс емес пе? Мұндай бассыздық қашанға дейін жалғасады? Бүтін тұрған жерді бұзып не керек? Қалада әлі тас төселмеген жолдар жетіп артылады емес пе? Жылда осылай қала ішіндегі жолдарды қопарып, қиратады да, жаңадан салады. Бұлардың істеген істерін көрсең, жылағың келеді. Бұлай ақшаны босқа шашатын шенеуніктерге тосқауыл бола ма өзі?!.

Сағынтаевтың кезінде Алатау ауданын басқарған бір әкім жемқорлықпен ұсталып кетті. Бірақ Сағынтаевтың мұртын балта шапқан жоқ. Қоластындағы қызметкері жемқорлықпен сотталса, басшысы да қызметтен кетеді деген талап неге орындалмайды? Енді ол Алатау ауданына қолынан түк келмейтін әлі оң-солын танымаған жас баланы (Азамат Қалдыбеков) әкім етіп тағайындап қойды. Ол өзі Президенттік жастар кадрлық резервінен келген екен. Ол келгелі халықтың жанайқайын тіптен ескермейтін болды. «Семіздікті қой ғана көтереді» демекші, жас бала әкім бола сала мұрнын шүйіріп, қарапайым халық тұрмақ, журналистердің өзін әкімдікке аттап бастырмайды. Үлкен даумен кіріп кеткен журналистерді көтеріп шығарып жіберетін күшке ие болды. Бұл үшін әкімге ешқандай жаза қолданылған жоқ. Есесіне, күзетші мен журналист жұмыстан кетті.  

Жас әкім бір келіп тұрғындармен тілдескен емес. Мәселе қанша көтерілсе де, жазылса да естімейді, ескермейді, менсінбейді. Бір сөзбен айтқанда, Сағынтаевтың командасында халықтың шағымын түсініп, мәселесін шешетін ешкім жоқ. Сонда халық қайда барады, жұртшылықтың үнін кім естиді?..

Қазір Наурызбай ауданы лай-батпақ, Алатау ауданының жолдары быт-шыты шығып, былшылдап жатыр. Сағынтаев сылдыр сөз, қызыл тілмен халықты қашанғы алдай береді?

Сөзінің тұрағы жоқ, құр былшылмен айналысатын Сағынтаевқа қалаға қарасты жолды жөндеуді айтқанымызға үш жылдан асып барады. Тіпті ақпарат құралдары, теледидардан талай рет мәселеміз айтылды. Бірақ бұған назар аударатын әкім жоқ. Айдос Үкібай, Берік Уәли, Ерлан Қарин халықтың талабын Ел басшыларына жеткізіңіздер!

Жақында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға келеді деп ел шулап жатыр. Тоқаев мырза, егер Алматыға келсеңіз, Алатау ауданындағы жаңадан ашылған Балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының филиалына келіңізші. «Теректі» ықшам ауданынан орын тепкен бұл аурухананың айналасы қазір қоқысқа толып жатыр. Оның артындағы жол ми батпаққа айналды. Қала әкімінің «Шетсіз қала» бағдарламасы бұл аумақта тіптен орындалып жатқан жоқ.

Негізі «Шетсіз қаланы» жүзеге асыру Алатау немесе Наурызбай ауданының орталығын жөндеуден басталмауы керек. «Шетсіз қала» аты айтып тұрғандай, қаланың ең шетінен бастап реттелуі тиіс емес пе? Ал бізде қаланың шеті қараусыз қалды. Әкімдердің «Шетсіз қала» тұжырымдамасын дұрыс түсінбегені өте өкінішті… 

Құрметпен,

Алатау ауданы,

«Теректі» ықшамауданының

тұрғындары мен Қарасай ауданы,

Іргелі ауылының тұрғындары:

Марат САМАТОВ

Ермек АХМЕТОВ

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

«Dauletten» қоры 74-баспананың кілтін төртбалалы анаға сыйлады

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, «Dauletten» қайырымдылық қоры жүрегі таза, мейірімді азаматтардың қолдауымен тағы бір отбасыға бақыт сыйлап, баспананың...