Алматы облысының тұрғындары қабаған иттің кесірінен төрт түлігінен айырылды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.
Алматы облысындағы Жандосов ауылының азаматтары қаңғыған иттен әбден қорқып қалған. Қараңғы түсе қалса, қараша қорасын қымтап, күзетті күшейтеді. Ал мектептегі баласын жолдан тосып алады. Соның өзінде өріп жүрген бұралқы иттер төрт түлікке шауып, тұрғындардың үрейін ұшырған.
– Тек қана терісі мен басы ғана қалған. Ішіндегі сүйегіне дейін жеп қойған ба, білмеймін? Масқара, жаға ұстадық. Біреуі осында, екеуі есік алдында өліп жатыр. Балаларыма да оңай болмады, жылап отыр, – деді Жандосов ауылының тұрғыны Ләззат Жинасанова.
Ауылдағы ағайынның айтуынша, елдімекенде жарығы жоқ, тасы төселмеген көше көп. Жұмысқа жету үшін шақырымдап жаяу жүріп, аялдамаға жетеді. Осы кезде әлгі төрт ақты жануарлар адамға шабатын көрінеді.
– Сағат 5:00-де екі ит қораға атылғысы келіп тұр, қуып жібердім. Біреуі немістің овчаркасы, біреуі ақшыл ит. Төрт немерем бар, қорқамын, – деді Жандосов ауылының тұрғыны Бақыт Төлегенова.
Қарасай ауданында қабаған ит қаптағанын халық жиі айтып келсе де, мәселе шешілер емес. «Өмірімізге қауіп төніп тұр» деген көпшілік, далада емін-еркін жүруден қалған.
– Бос жүрген иттің бәрін иесіз деп айта алмаймыз. Себебі оның иесі де бар. Шалқар, Жандосов, Қайрат ауылдарында да, Қарасай ауданында ит көп. Енді аулауға тырысады. Мәселені республикалық деңгейде қарау керек. Себебі жалғыз біздің өңірде болып жатқан жоқ. Барлық жерде балаға да, адамға да ит шауып жатыр, – деді Жандосов ауылдық округі әкімінің орынбасары Ләйлә Әбілқайырова.
– Кінәлі адамға, яғни ит иесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Учаскелік инспекторлар құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында кінәлі тұрғынмен профилактикалық әңгіме жүргізді, – деді Алматы облысы Полиция департаментінің ресми өкілі Меруерт Морякова.
Тұрғындар қабағандардан құтылмайынша, қорқыныш сейілмейтінін айтып отыр. Өйткені өріп жүрген азулылар әлі құрыққа түспеген. Ал жергілікті мал дәрігерлері дәрменсіздік танытып отырған көрінеді. Оның үстіне, маман тапшылығы тағы бар. Сондықтан заң аясында тәртіпті күшейту керек.