Биыл Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасы бойынша жалға берілген пәтерлердің 2 мыңнан астам қатысушысы үшін бес жылдық жалдау мерзімі аяқталуда.
Бағдарлама жастарға тиімді бастама болды – олар жеңілдетілген шарттармен тұрғын үй жалдап, осы аралықта өз баспанасына бастапқы жарна жинауға мүмкіндік алды.
Бағдарламаның келесі кезеңінде қатысушыларға, әсіресе әлеуметтік осал санаттағы жастарға қосымша қолдау көрсету мақсатында өңірлік жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларға арнайы квота бөлінді.
«Отбасы банк» арқылы жеңілдетілген несие ресімдеуге мынадай шарттар ұсынылады: бастапқы жарна – 10%, жылдық мөлшерлеме – 5%, ең жоғары несие сомасы – 20 миллион теңгеге дейін, мерзімі – 19 жылға дейін.
Бүгінде «Отбасы банк» филиалдарына 1 873 адам өтініш беріп үлгерді. Бұл – жалпы қатысушылар санының 75%-ын құрайды. Оның ішінде: Астанадан – 677, Алматыдан – 708, Шымкенттен – 488 адам.
Қазіргі таңда 262 адам баспана иесі атанды (Астанада – 231, Алматыда – 31), тағы 316 қатысушы өздеріне қолайлы тұрғын үй іздеуде.
Өтінімдер күн сайын қабылдануда.