Кезекті шығарылым кейіпкері – дәрігер, жақ-бет хирургі Абайдулла Мұхитдинұлы Жапаров
Almaty TV-де «Шаһар шырайы» арнайы жобасы көрсетіле бастады. Жобаның басты мақсаты – өз өмірін сүйікті ісіне арнаған, кәсібилігімен, еңбекқорлығымен қоғамның дамуына үлес қосып жүрген жандарды көрсету, таныту.
Медицина саласында, оның ішінде бет-жақ хирургиясында 50 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Абайдулла Мұхитдинұлы – талайдың өмірін құтқарып, ажалдан арашалап қалған білікті хирург. Осы уақытқа дейін өз қолымен 17 мыңға жуық ота жасап, саналы ғұмырын науқастар денсаулығын жақсартуға сарп еткен білікті дәрігер өз мамандығындағы басты талап науқасқа жанашырлық таныта білу екенін айтады.
«Бізге жол-көлік апатына түскен, түрлі себеппен ауыр жарақат алған, бет сүйегі уатылып кеткен, жағы орнынан қозғалып кеткен науқастар түсіп жатады. Ондай науқастарға ота жасау оңай емес. Себебі күрделі ота асқан шеберлікті талап етеді. Алдыңа түскен науқастар «операциядан кейін бетім қалай болады, қисық болып қалмай ма, тыртық қалмай ма?» деп сұрап жатады. Сондықтан ота кезінде көбіне косметикалық әдістерді қолданамыз», – дейді өз кәсібінің ерекшелігінен сыр шерткен хирург.
Алматыдағы №5 қалалық клиникалық ауруханасында жақ-бет хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі қызметін атқаратын Абайдулла Мұхитдинұлы медициналық тәжірибеде қолдануға рұқсат етілген аурудың алдын алу, диагностика қою, тиісті ем тағайындау, асқынуларды болдырмау және оңалтудың заманға сай әдістерін қолдана отырып, білікті медициналық көмек көрсету маңызды екенін айтады.
«Біз жастарға «медицинаны таңдаған соң оны беріліп істеу керек» деп үйретіп отырамыз. Дәрігер мамандығында жұмысты орташа деңгейде істеу деген болмайды. Жұмысыңды шын көңілмен, шын жүрегіңмен істеп үйренгенде ғана сұраныстағы дәрігер, кәсіби маман, мықты медицина қызметкері боласың. Мамандықты жақсы көрумен ғана шектелмей, өзіңді әрқашан дамытып, біліміңді жетілдіруден жалықпау керек, алдыңа келген науқасқа өз бауырыңдай жанашырлық танытып, сауығып кетуін тілеуің керек. Сонда ғана оған жасаған емің қонады, көмегің тиеді», – дейді ардагер хирург.
Медицина ғылымдарының кандитаты, доценті, 100-ден астам мақаланың, 2 монографияның, 8 медициналық оқу құралының, 14 патенттің авторы Абайдулла Жапаров бірнеше рет Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. 2009 жылы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағын иеленген. 2008 жылы «Қазақстан ғалымдарының алтын қоры» энциклопедиясына енген.
Айта кетсек, Almaty TV-де «Made in Almaty», «Алматы көшелері»«Экономика жаңалығы» және «Қала тынысы» сияқты бірқатар жаңа бағдарлама мен жаңалықтар айдары жарық көрді. Жуырда «Алматы аудандары» және «Кері байланыс» жобаларын шығару жоспарда бар.
«Шаһар шырайы» жобасының бұған дейінгі кейіпкерлері өнер мұражайының суретші-реставраторы Гүлжан Қалдыбаева, краншыГалина Норкина, Алматы зообағының қызметкері Шолпан Әбдібекова, Алматы ТЖД диспетчері Саниям Гуламова, Қазмемцирктің артисіБатыр Жанұзақ, метеоролог Гүлнұр Әлиева, «Алматы Су» холдингінің слесарь-механигі Назымбек Қалиев, шаңғы инструкторы Олжас Мыңбаев, экоблогер Меруерт Салықова, Алматы метрополитені электр депосының маманы Мәди Асаубаев, құрылысшы Қадырбек Ижанов және «Алматы Тазалық» механизаторы Дастан Жақия болған еді.
Оқи отырыңыз: Тақтай шығаратын зауыт: Almaty TV-да «Made in Almaty» жаңа шығарылымы