Қауіпсіз қоғам – азаматтардың жайлы өмірінің, ертеңгі күнге деген сенімінің кепілі. Қоғамдағы қауіпсіздікті қалыптастыру арқылы халықтың өмір сүруге деген құштарлығын арттыруға, бір-біріне деген мейірімі мен ынтымағын күшейтуге болады. Ал сол қауіпсіз қоғамның қорғаны – заң. Заңның пәрмені мықты, орындалуы мінсіз болғанда ғана қоғамда тыныштық пен татулық салтанат құрады. Сондықтан, осы ортақ қауіпсіздікке көлеңке түсіріп, халықтың жайлылығы мен тұтастығына зиянын тигізетін кемшіліктерді дер кезінде талқылап, түзетіп, жөнге салып отыру аса маңызды. Жақында Түркістан облысының прокуратурасы тарапынан ұйымдастырылған «Заң мен тәртіпті» күшейтіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздеген кеңестің негізгі діттегені осы.
«Кеңескен істе кемшілік болмайды»
Дана бабаларымыз «Кеңескен істе кемшілік болмайды» дейді. Расында, елге ортақ, көпшілік мүддесіне қатысты мәселелерді жария талқылап, бірігіп шешкен тиімді. Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тілеубердиев бастаған ұжым әлеуметті алаңдатқан мәселелерді көп ортасына салып, бірігіп сараптауды үнемі назарда ұстап келеді. Осы келелі алқалы жиын барысында да Түркістан облысының құқық қорғау және мемлекеттік органдарының, сондай-ақ мемлекеттік емес ұйымдарының басшылары, БАҚ өкілдері, оқу орындарының ректорлары қатысып, прокуратура қызметкерлерімен бірге қоғамның қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін бірқатар мәселені таразы басына салынды.
Маңызды шараның тізгінін ұстаған облыс прокуроры Мұрат Әжінұрұлы аймақтағы қоғамдық қауіпсіздік мәселесіне, жиі орын алатын құқық бұзушылықтарға тоқталып, заңсыздықтардың алдын алуда қолға алынған маңызды жобалар мен ауқымды іс-шаралардан жұртшылықты хабардар етті.

Жиынға қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдегі құқық бұзушылықпен күрес, құзырлы органдар жұмысын үйлестіру мәселесіне жан-жақты тоқталса, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті тарапынан прокуратура қызметін жақсарту, құқық бұзушылықтарға жол бермеу, алдын алу, азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытында атқарылған жұмыстар таныстырылды. Соның ішінде озық цифрлық мүмкіндіктері бар «Прокурорлық фильтр», «Қылмыстар картасы», «Бірыңғай әкімшілік істер және қылмыстық істер тізілімі», «Қамқор» сынды жүйелердің қоғамды ілгерілетудегі рөлі зерделенді.
Облыс прокурорының орынбасары Саян Келдібеков қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мен өзара іс-қимыл басымдықтары туралы атап өтсе, облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрманбек Сахов отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы профилактикалық жұмыстарды күшейте отырып, тұрғындармен тиісті қарым-қатынастар орнатудың маңызына тоқталды.
Жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның және кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссиялардың жұмысына талдау жасай келе, формальдылықтан арылудың негіздерін атап өтті.
Ашық диалогқа құрылған маңызды басқосу барысында бірқатар мәселелер көпшілік алдында талқыланды. Солардың негізгілеріне тоқталсақ.
Жаңа технология – жайлылықтың ғана емес, қатердің де көзі
Заманауи технология өмір сүру жағдайын жақсартып, даму мүмкіндіктерін арттырып отырғанымен, киберқауіптерге өлшеусіз жол ашуда. Соның салдарынан хакерлер, вирустар, жеке ақпаратты ұрлау және киберқылмыс түрі көбейіп, құзырлы органдарға көмек сұрап жүгінетіндер саны артқан. ІТ-технологияны қару етіп, халықтың қаржысына қол салғандар қатары қалың. Олардың алдауына түскендер – біріміздің жақынымыз, танысымыз, туысымыз. Ақ адал ақшасынан айырылып қалған азаматтардың мұңы, өкініші мен наласы кім-кімді де алаңдатпай қоймайды.
Жиын барысында киберқылмыстың зиянымен қоса, қатердің алдын алу бойынша атқарылған шаралар атап өтілді. Айталық Ұлттық киберқауіпсіздік стратегиясы қылмыстың алдын алып, азаматтардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар орталық мәселеге мониторг жүргізіп, мемлекеттік органдармен, ақпараттық инфрақұрылымдармен бірігіп қызмет атқарудың нақты тетігін жасауда.
Әрбір қылмыс қоғамға қарсы жасалған құбылыс
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыруд басты басымдық ретінде белгіледі. Осы ретте әрбір жасалған қылмысты қоғамға қарсы жасалған құбылыс ретінде бағалауымыз қажет. Қазіргідей ақпараттық технологиялар қарыштап дамыған сайын, кибер қылмыс саны арта түсуде. Өкінішке орай, азаматтарымыз кибер шабуылға аса мән бермейді, немқұрайлықпен қарайды. Бұл қылмыс көбіне алаяқтық, есірткі бизнесінде жиі жасалады. Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тілеубердиевтің айтуынша, прокуратура органдары құқық бұзушылықты жылдам анықтап, хабар алу мақсатында «Бұзушылыққа тоқтам» атты пилоттық жобасын, «Бақытты жəне қауіпсіз балалық шақ» және «URPAQ» жобаларын іске асыруда.
«Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін, азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз болатын қоғам құруымыз керек. Ол үшін қоғам жағымсыз әдеттерден арылуы тиіс. Әлеуметтік кеселдің бәрінен тек тұтас жұрт болып қана құтыла аламыз. Еліміздің басты құндылығы – бірлік пен келісім, ол ең алдымен, осы қасиеттердің арқасында сақталып отыр», – деді Мұрат Әжінұрұлы өз сөзінде.
Облыс прокурорының айтуынша, өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікке, қоғамдық-саяси тұрақтылыққа, бірлік пен келісімге жергілікті атқарушы, құқық қорғау, арнайы органдар, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат өкілдерінің бірлесіп, «Бір жағадан бас, Бір жеңнен қол шығарып» жұмыс жүргізуінің арқасында қол жеткізіп келеді. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетімен жүзеге асырылып жатқан жүйелердің мүмкіндіктері жұмысты жеңілдетумен бірге, құқық бұзушылықтың алдын алуға, қылмысты ашуға, құқықтық статистиканы қалыптастыруға бағытталған. Мұндай мүмкіндіктер жұмыс барысында кеңінен қолданылуда.
Шара тиімсіз болса, жаңа жол іздеу керек
Алқалы жиында бірқатар түйткілді мәселелерді шешудің бағыт-бағдары айқындалды. Соның ішінде «Заң мен Тәртіп» қағидаты бойынша Бас прокуратура тапсырмасының сапалы орындалуын қамтамасыз ету маңызды болып отыр. Сондай-ақ кәсіпкерлер құқығының бұзылуына жол бермеу мақсатында жұмыстарды жалғастыру шарт. Кәмелетке толмағандар құқығын қорғау, жалпы профилактика бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды күнделікті жеке бақылауда ұстаған дұрыс.
Өкінішке орай соңғы уақытта жол-көлік оқиғалары мен қаза тапқандар саны өскен. Бейбіт күнде барымыздан ажырау жақсылықтың нышаны емес. Әсіресе облыстық маңызы бар жолдардағы жол-көлік оқиғаларының жағдайы алаңдатады. Бұл жолдардағы қауіпті аймақтарда автоматты режимде құқық бұзушылықтарды анықтайтын қосымша бейнекамералар орнатылуын қамтамасыз ету қажет. Сонымен бірге полицияның жол қауіпсіздігіне қатысты нұсқамаларының орындалуын онлайн форматта бақылау мүмкіндігі бар жүйені немесе қосымшаны іске қосу кезек күттірмейді. Тағы бір ескерерлігі, жол қауіпсіздігін сақтауда қолданылып жатқан шаралар тиімсіз болса, басқа тәсілдерді және оларды шешудің жаңа жолын қарастыру қажет.
Құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша цифрлық шешімдерді, соның ішінде «Protector AI» жүйесін, «Зорлық-зомбылыққа қарсы Жасанды интеллект» жобаларын ілгерілету өзекті. Бүгінгі күні «Бұзушылыққа тоқтам» пилоттық жобасы іске асырылуда. Жобаның негізігі мақсаты құқық бұзушылықтарды анықтап, дер кезінде жою. Жобаның телеграм-ботына жалпы 240-тан астам құқық бұзушылық туралы хабарлама түскен. Оның 175-і өз дәлелін тауып, олар бойынша процестік шешімдер қабылданды. Мұндай жобалар прокуратура органында тұрақты түрде жүргізіліп, жаңартылып отырады. Себебі жобалар нақты проблемаларды, жағдайларды түзеуге, құқық бұзушылық профилактикасын реттеуге қауқарлы.

Әлеуметтік институттар – қозғаушы күш
Қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру бұқаралық ақпарат құралдары, мемлекеттік емес ұйымдар және жастар арқылы кеңінен жүзеге асырылады. Бұл әлеуметтік институттарсыз қоғам қажеттіліктерін анықтау және қоғамдық тәртіпті толықтай қамтамасыз ету мүмкін емес.
Облыс прокуроры Мұрат Тілеубердиевтің айтуынша, қоғам қауіпсіздігін орнықтыруда ақпарат құралдарымен бірігіп жұмыс істеудің ықпалы зор. Осыны ескере отырып «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жыл басынан бері Түркістан облысы прокуратурасы жалпы 382 іс-шара өткізген (100-ден астам дәріс оқылды, 16 дөңгелек үстел өткізілді, 100 астам акция жүргізілді). Бұқаралық ақапарат құралдары арқылы биыл 50-ден астам мақала, үндеу мен жарияланым жарық көрген.
Мемлекеттік емес ұйымдардың және жастардың қатысуында 15 форум өтіп, жастары профилактикалық жұмыстарға баулу және олардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында Халықаралық қазақ-түрік университетінің базасында «Прокурор кеңістігі» ашылған. Бір орында тұрмайтын қоғамда заң мен тәртіпті қамтамасыз ету үшін жастардың озық ойлары мен цифрландырылған жобалардың керегі сөзсіз. Сондықтан, облыстық прокуратура жастардың ұсынысын тыңдауға, жастармен бірігіп жобалар жүргізуге әрдайым дайын.
Маңызды шарадағы құзырлы орын жетекшілері көтерген мәселелерді бірігіп шешуге шақырған облыс прокуроры Мұрат Әжінұрұлы: «Қоғам бір күнде өзгермейді және қоғамды бір адам өзгерте алмайды. Өйткені, бейбіт елде, берекелі тірлік етудің түйіні – бірлікке, ынтымаққа негізделген. Біздің қоғам бетпе-бет келіп отырған кемшіліктер де көпшілік қаласа оң шешілері, дұрыс реттелері талассыз. Тек әрқайсымыз қоғамның бір бөлшегі екенімізді ұғынып, жақсы іске жаршы бола білейік, кемшілікке бір кісідей қарсы тұрып, түйткілдің оң шешілуін тілейік!» – деп көпшілікке салмақ сала отырып сөзін қорытты.
Айнұр Сембаева,
«Заң газеті»