Алматы облысы, Кеген ауданында дәстүрлі «Қымызмұрындық-2025» мәдени шарасы мен «Жолан жүйрігі» республикалық ат бәйгесі өтті. Онға жуық елден 10 мыңнан астам халық қатысқан бұл шара ұлттық салт-дәстүріміз ұлықталып, мәдениетіміз бен өнеріміз паш етілген мерекелік күн болды.
Әйгілі Қарқара жәрмеңкесін қайта жаңғыртқандай болған әсем көрініс бұл күні мерекеге қатысушылардың есінде мәңгі ұмытылмас әсер қалдырғаны анық. Алыстан менмұндалап көрініп, қаз-қатар боп тізілген ақ шаңқан киіз үйлер, алтыбақан тепкен жастар мен сызылта салған ән мен күйдің әуені кімді де болса өзіне еріксіз тартып алары анық. Өйткені ертең қымызмұрындық болады деген күні түнде нөсерлеткен жауын айналадағы шаң-тозаңды басып қоймай, жасыл кілемдей құлпырап жатқан жайлау көркін мүлде ажарландырып жіберді.

Темір тұлпарының тізгінін арнайы орнатылған еңселі де айбарлы қақпа алдында тартып, көлігінен шыққан жұрт жайлау төсіндегі сан алуан өсімдіктердің қызылды-жасылды гүлдерінің хош иісіне арбалып қалғандай күйге түсті. Одан кейін аз-кем бөгеліп ішке бет алғандар жолдың екі жағында бірнеше қатар болып сап түзеген күбі піскен жүз ақ жаулықты келіншектің қолынан қымыз ішіп, шөлін басқан кезде нағыз қымызмұрындықты өз көзімен көре бастады. Одан кейін арнайы әзірленген Қарқара жәрмеңкесіндегі қолөнер шеберлерінің, этномәдени орталықтардың, ауыл шаруашылығы өнімдерінің, техникаларының, қолөнер және суретшілер көрмесімен танысып, Қазақстан этнодизайнерлер одағы мүшелерінің шеберлік сабақтарына қатысуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ бие байлау, бие сауу, құлын тарту, қымыз ашыту секілді қасиетті сусынның дайындалу үдерісімен жан-жақты танысуға мүмкіндік алды. Одан кейін спорттық жарыстарды тамашалап, өнер жұлдыздарының концерттік бағдарламасын тамашалады. Ал түскі астан кейін құнан бәйге (9 км), топ бәйге (189 км), аламан бәйге (31 км) ойындарының көріп, күн ұясына қонуға жақындағанда қайтудың қамына кірісті.

«Қымызмұрындық елімізді танытатын рухани кодымызды жаңғыртатын мазмұнды бастама»
– Қымызмұрындық – береке мен молшылықтың, қонақжайлықтың, тектілік пен тағылымның жарқын көрінісі. Бұл халқымыздың тұрмыс-салты мен рухани мәдениетінен сыр шертетін ұлттық мұра. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда: «халқымыздың ата-бабадан мирас болған мол мұрасы бар. Оны заман талабына сай жаңғыртып, барынша насихаттауымыз керек» деген болатын. Бүгінгі шараға 10-ға жуық шет мемлекеттің өкілдері, еліміздің айтулы мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі әдебиет және мәдениет майталмандары, республикалық қоғамдық ұйымдар, этномәдении бірлестік өкілдері қатысып отыр. Осының өзі қазақ халқы мен оның ұлттық мәдениетіне деген үлкен құрмет деп білемін. Қымызмұрындық елімізді танытатын рухани кодымызды жаңғыртатын мазмұнды бастама. Қымыз дайындау тек шеберлік емес, бұл өмір философиясы. Бие байлау, қымызды ашыту, сақтау, келген қонаққа ұсыну халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ерекше дәстүрі. Біз бүгін баба аманатын орындау мақсатында заманауи технологияларды пайдаланып, қымыз өндірісі көлемін арттырып, оны сақтау, тасымалдау және сауда желілеріне жеткізу жолында еңбек етудеміз. Соның нәтижесінде халықтың ұлттық өнімге деген сұранысы жылдан жылға артып келе жатыр. Қымыз өндірісі жылқы шаруашылығыменн тікелей байланысты. Бүгінде Алматы облысындағы жылқы саны 268 мың басқа жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 6 пайызға өсіп отыр, – деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев. Өңір басшысының бұл ыстық ықыласын халыққа қымызмқроныдықтың ресми пашылу рәсімінде Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым оқып берді.

Кегенге ұлттық құндылықтардың мұражайы керек
– Өткеніміз мен болашағымызда жалғап тұрған бүгінгі мерекеміз құтты болсын. Бұл біздің қазақ екендігімізге мақтанатын күн. Ұлттық құндылық немесе ұлттық код туралы атқан кезде сөзбен емес іспен дәлелдеп жатқанымыз дұрыс. Бүгін республика бойынша 20 өңірден Аналар кеңесінің төрағалары келіп отырмыз. Кеше облыс әкімімен кездескенбіз. Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген үлкен әкімнен кіші әкімге дейін сақталып тұрған қағида екеніне аналардың көзі жетті. Біз бүгін аталы сөз айтатын ата бар екенін, аналық сезімменен ұл-қыз тәрбиелейтін ана бар екеніне, қолынан өнері тамған адамдардың ата кәсібін ұрпаққа беріп жатқанын көрдік. Бүгін мұнда республикадан келген қаншама депутаттар жүр, біздің енді оларға бір ғана тілегіміз бар. Ол – қазақтың салты мен дәстүрі, мәдениеті, сөз құдіреті сақталған Кеген жерінде үлкен мұражай салынуы тиіс. Бұл мұра жалпы Қазақстанға таратылу керек», – деді Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Ыдырысқызы.
Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтың айтуынша, қымызмұрындық біздің көптен бері ұмытып бара жатқан мерекеміз. Оның бірінші шаруасы қыстан аман шығып, бие байлап, алғашқы қымызын кішкентай ұлы-қызына жұтқызғандығы. Ол менің болашағым алда деген сөз. Мен бармын деген сөз. Мендей қазақ ешқашан жер бетінен жоғалмайды дегенді жариялайтын нәрсе. Қымызмұрындық қазір көп облыста ұмытылып қалған. Бүкіл құндылығымызды, даналығымызды көрсетіп жатқан мұндай мерекелерді енді жандандыра беру керек.
Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан бүгінгі шараға еліміздегі басты заң шығарушы органнан бірнеше әріптесі келіп, Қымызмұрындық аясында ұйымдастырылған жәрмеңкеге қолдау білдіргенін атап өтті. Сонымен қатар қымызмұрындықтың Қарқара жайлауында жалғасын тапқанына қуанышты екенін, болашақта Қарқара жәрмеңкесіне ұласуына тілектестігін жеткізді.

Ат спорты ойындары – мәдениетіміздің бөлінбес бөлшегі
«Өз басым бала кезімде қымызмұрындықты тойладым деп айта алмаймын. Бізде бие байлағанда биебаудың тойы болатын. Бие байлаған үйге ауылдағы адамдар өз қоржынын алып келіп, дастархан жаятын. Балалар құлын желіге оралып қалмасан деп қарап, әпкелеріміз, шешелерміз бие сауған кезде көбік жалап өскенбіз. Ол әлі естен кетпейді. Бізде ұлттық құндылықтарды дәріптейтін тойлар көп болу керек. Қазақ атқа мінгенде ғана азаттықты сезінеді. Сондықтан ат жарыстарының өтетін «Жолан жүйріктері»бәйгесі де біздің мәдениетіміздің бөлінбес бөлшегі деп қабылдау керек. Мәселен, бүгінгі шараға қымызмұрындық қана тойланған жоқ. Қой қырқудан бастап, теңге ілу, палуандар күресі, алыптар айқасы, арқан тарту, ат бәйгесі сияқты жарыстар да болды. Қазір қалада өскен балалар қой қырқу, қой сою, етті жіліктеу, оны пісіріп, кімге еттің қай мүшесін беретінін білмейді. Оны олар осындай ұлттық құндылықтар ұлықталатын тойларда ғана көріп,естіп, көңіілне тоқиды», – дейді Ұлттық құрылтай мүшесі Сырымбек Тау.
Кеген өңірінде дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілетін шараның спорттық жарыстар бағдарламасына биыл алғаш кірген «Толағай» алыптар сайысы енгізілген екен. 150 келі тартатын тасты межелі жерге жеткізуден сынға түскен апайтөс, бура сан алыпардың арасынан Арыс қаласынан келген Азамат Мақұлбеков жеңімпаз атанып, жүлдеге тігілген 1 млн теңгенің иесі атанды. Іле ауданынан келген Евгений Инкин (600 мың тг) мен елордалық Жаннұр Маутан (400 мың) үздік үштікті түйіндеді. Ал Жетісу облысынан келген Айдын Нұғыманов 120 келілік қошқарды 30 рет көтеріп, жеңімпаз атанды. Бұл азамат Қарқара жайлауында 2023 жылы өткен қымызмұрындықта қошқарды 101 рет көтеріп, жеңімпаз атанған болатын.
Балуандар арасында өткен қазақ күресінде Кеген ауданының тумасы Бексұлтан Әнуарбек бірінші орын алып, жерлестерін бір серпілтіп тастады. Жеңімпазға жарысты ұйымдастырушылар 300 мың теңге сыйақы табыстады. Бұл сында 2-3 орынды Аян Байғазы (Еңбекшіқазақ ауданы) мен Жансерік Жұмабай (Жетісу облысы) бөлісіп, ақшалай жүлдемен қайтты. Арқан тартуда қазақ күресі командасы қарсылас шақ келтірмеді. Үздіктер үштігін Тұйық пен Сүмбе командалары түйіндеді.
«Жолан жүйріктері» бәйгесіне биыл еліміздің әр аймағы мен көршілес Қырғыз Республикасынан келген 150-ге жуық жүйрік тұлпар қатысқан болатын. Жылқы десе елеңдейтін жанкүйерлер асыға күткен аламан бәйгеде жеңімпазға тігілген Changan кроссовері мәре сызығын бірінші боп кесіп өткен Жамбыл облысы Қордай ауданынан келген шабандоз Мейір Дәулетбай тізгіндеген «Айбалта» деген тұлпардың иесі Айдар Нұрмұхаметовке бұйырды. Қырғызстандық Манас Замирбеков мінген «Қарагер» деген аттың иесі Шаабиден Токтосартов екінші орынғатігілген 2,5 млн теңге қаржыға ие болды. Одан кейінгі жүлделі орындарды Балқаш ауданынан Аңсар Арыстанбек (Отырар), ат иесі Сапарғали Сатпаев (1 млн теңге); Жетісу облысынан Хамза Марланұлы (Жетісу), ат иесі Арыстан Нұрланұлы( 500 мың теңге), Жамбыл ауданынан Сержан Бақтыбай (Ақпан), ат иесі Орынтай Әмірғалиев (300 мың теңге) бөлісті.
Топ бәйгеде Талғар ауданынан келген шабандоз Нұрислам Амангелді тізгіндеген «Қалқаман» деген аттың иесі Мағауия Қазбеков үйіне Changan кроссоверін мініп қайтса, Құнан бәйгеде қырғызстандық шабандоз Арсен Болотбеков мінген Сталбек Жаманкуловтың «Роки» деген аты мәреге бірінші келді. Жеңімпаз еліне 2 млн теңге жүлдемен қайтты.
Тойдан түйін
Жазғытұрым жұрт жайлауға шығып, бие байлаған кездегі алғашқы қымызды ішуге шақыру салты боп есептелетін қымызмұрындық дәстүрін тәуелсіздіктен кейін елімізде ең бірінші боп Алматы облысының әкімі боп тұрған кезде 2000 жылдары Заманбек Нұрқаділов жаңғыртқан еді. Нарықтың өтпелі кезеңінен ел енді ғана ес жиып, мемлекеттің экономикалық жағдайы оңала бастаған кезде қолға алынған бұл шара кейін ақырындап өзге өңірлерде жалғасын таба бастаған. Алайда кейін оның бәрі белгілі бір себеппен аяқсыз қалды. Ал әр жерде түрлі уақытта ара-тұра өткен қымызмұрындық фестивальдерінің ауқымы шектеулі және бағдарламасының мазмұны байытылған жоқ. Сондықтан Кеген өңірінде соңғы үш жылда дәстүрге айнала бастаған қымызмұрындықта алға қойылған мақсат қаншалықты орындалды деп санайсыз деген кезде аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев: «Бұл тек той тойлау емес – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, мәдениетті көтеру, туризмді, спортты дамыту мақсатында өтіп жатыр. Киіз үйлер тігіп, қонақтарды күтіп алуға бюджеттен ешқандай қаржы жұмсалмады. Ол жергілікті тұрғындардың қолдауымен және облыстың өзге ауданындағы әріптестерімнің атсалысуымен жүзеге асырылды. Тек мәдени, спорттық және өзге де шараларға құзырлы облыстық басқарма басшылары өздерінің іс-шаралар жоспарына сәйкес қаржы бөлді. Ал «Жолан жүйріктері» бәйгесіне тігілген екі көлікті демеушілер мен Жолан бауырымыздың ағасы Ұлан мырза және оның жора-жолдастары өз мойындарына алды» – дегенді айтты.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»