Бүгін Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылатынын жеткізіп, алдағы үш жылда еліміз жаппай цифрлық мемлекетке айналуы тиіс екені атап көрсетті. Абай университетінің оқытушы-профессорлар құрамы Жолдауды тікелей эфирде тыңдап, өз ойларын ортаға салды.

Әлем үшін жасанды зерде мәселесі өте өзекті болып тұр. Сондықтан, Президент Жолдауы осы құндылықтарды қарастырып, мүмкін болатын тәуекелдерге дайын болуға жол көрсеткендей. Құжат осы күрделіліктердің түйінін шешуге бағытталып, үкімет үшін тың бағдарлама болды деуге толық негіз бар.
Алдағы уақытта педагогика саласы да жаңа қарынға әзір болғаны жөн. Мәселен, мектептерде жасанды интеллект негіздері оқытылып, жаңа «Қазақ Digital» мектебі үлгісі енгізілмек. Бұл бастамалар білім беру жүйесін жаңғыртып, жастарымыздың заманауи цифрлық дағдыларды меңгеруіне жол ашпақ.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы-Ректоры Болат Тілеп Мемлекет басшысының Астанада өткен Жолдауын тікелей тыңдаса, университеттің басқарма мүшелері мен оқытушы-профессорлар құрамы онлайн форматта көріп, талқыға салды.

Академиялық қызмет жөніндегі проректор Бану Нарбекова Президент Жолдауында білім саласына ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті. Ол жасанды интеллектіні оқу процесіне енгізу — заман талабына сай маңызды қадам екенін әрі Абай университеті ғылыми әлеуеті жоғары, инновацияны тез қабылдайтын оқу орны ретінде осы жаңалықтарды өз білім беру үдерісіне белсенді түрде енгізуге ниетті екенін жеткізді. Ал Әлеуметтік даму жөніндегі проректор Мақсат Жақауов Жолдаудың саяси стратегиясының басым екенін баяндап, оның екі негізгі тірегі: өндірістік даму және саяси өзгеріс болғанын жеткізді. Сонжай-ақ, жасанды интеллектіні студенттермен жұмыс істеу барысында қолдану жаңа тәжірибелерге жол ашады дейді.
Білім беру бағдарламаларын талдау департаментінің директоры Нұржамал Ошанова да Жолдауда білім беру мен цифрландыру саласына қатысты маңызды қадамдар жасалғанын атап өтті. Оның пікірінше, маңызды құжатта айтылған Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің құрылуы, мемлекетті жаппай цифрлық мемлекетке айналдыру, орта білім ошақтарына енгізілмек жаңа «Қазақ Digital» мектебі — білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған тың бастамалар.
Абай университетінің ұжымы мен студенттері Президент Жолдауындағы тың бастамаларға қолдау білдіре отырып, жаңа технологиялық ортаға бейімдеуге белсенді түрде атсалысады.