Қазақтың қасиетті домбырасы тағы бір мәрте әлем сахнасында күмбірледі. “Әлқисса” өнер мектебінің дарынды шәкірттері Американың алып шаһары – Нью-Йоркке барып, ұлттық өнеріміздің асқақтығын паш етіп қайтты. Бұл сапар – тек өнер көрсету ғана емес, қазақ рухын, ұлттық болмысты жаһан жұртшылығына танытқан маңызды мәдени миссия болды.
Өнер орталығының негізін қалаушы Қанат Сәденнің айтуынша, ұжымның басты мақсаты – қазақ домбырасының үнін әлемге жеткізу. Осы жолда жас өнерпаздар үлкен белесті бағындырды. Ең алдымен, олар Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми іс-шарасында өнер көрсетіп, бұрын-соңды болмаған тарихи жетістікке қол жеткізді. Бұл – “Әлқисса” ұжымының ғана емес, күллі қазақ өнерінің мәртебесін көтерген ерекше сәт.
Сонымен қатар, Нью-Йорктың жүрегі саналатын әйгілі Times Square алаңындағы қызыл баспалдақта қазақ балаларының домбырамен өнер көрсетуі – көпшіліктің таңданысын тудырды. Қос ішектен төгілген күйді тыңдаған шетелдіктер мен америкалықтар ұлттық өнерімізге сүйсіне қарап, ерекше ықылас танытты. Бұл – домбыраның шексіз құдіреті мен қазақ мәдениетінің тереңдігін айқын дәлелдеген көрініс.
Сапар барысында “Әлқисса” өнерпаздары халықаралық деңгейдегі беделді New York International Competition for Performing Arts байқауына қатысып, Бас жүлдені жеңіп алды. Бұл жеңіс – қажырлы еңбектің, талмай ізденістің және ұлттық өнерге деген шексіз сүйіспеншіліктің нәтижесі.
Нью-Йорк төріне 42 жас домбырашы аттанып, ел сенімін абыроймен ақтап қайтты. “Қаншама жаңалықтар біз туралы жарыса жазды. Сол сәтте артымызда тәуелсіз Қазақстан тұрғанын терең сезіндік”, – дейді Қанат Сәден.
Бұл сапар – тек жетістік емес, бұл – тарих. Бұл – ұлттық өнердің жаңа деңгейге көтерілгенінің дәлелі. “Әлқисса” өнер мектебінің жетістігі – барша қазақ елі үшін мақтаныш.
Қос ішектің үні әлі талай биікті бағындырып, әлемді таңғалдыра беретіні сөзсіз.

