Түркістан облысының Сарыағаш ауданы минералды-емдік суға бай, құтты мекен. Мұнда осы емдік суды пайдаланып кәсібін дөңгелентіп отырған кәсіп иелері баршылық. Олардың бірі санаторлық-курорттық демалыс орындарын ашып, ел бюджетіне үлес қосса, енді бірі емдік судан сусындар әзірлеп, өзінің де, ауыл тұрғындарының да табысын еселеп отыр. Мемлекет ауыл өміріне жан бітіріп, шекаралық аймақтың түтінін түзу ұшырып отырған кәсіпкерлерден қолдауды да, қамқорлықты да аяған емес. Ендеше, Дербісек ауылында ұңғымадан емдік суды пайдаланып, 100-ден аса өнім шығарып, қазақстандық бренд қалыптастырып, 200-ге тарта тұрғынды жұмыспен қамтып отырған «Рауан» ЖШС өкілдері не себепті Алматыға келіп, кәсібін қорғау мақсатында баспасөз конференциясын өткізіп жүр?
Біз конференция барысында өзімізді қызықтырған бірнеше сауалға жауап алдық.
Біріншіден, «Рауан» ЖШС ұңғыманы заңды негізде жекешелендірген бе?
Компания заңгері Алия Аралбаеваның көрсеткен құжаттарына сай «Рауан» ЖШС Дербісек ауылындағы ұңғымаға 2001 жылдан бері иелік етеді. Құжаттары талапқа сай. 1968 жылы пайдалануға берілген ұңғыма әбден тозып, қараусыз қалған кезде компания меншігіне алып, жаңғыртқан. Ауыл тұрғындарына жұмыс беріп, осы жылдар ішінде 100-ден аса өнімді ел ішінде ғана емес, бірнеше шетелге ұсынып келеді.
Екіншіден, ауыл халқын ауыз сумен қамтудың «Рауан» ЖШС-ға қатысы қандай? Әлде кәсіпкер суды көп пайдаланғандықтан, ел ауыз суға жарымай отыр ма?
Компанияның бас директорының орынбасары Гүлім Смайлованың айтуынша, ұңғымадан шыққан су халықтың күнделікті тұтынуына арналмаған. Бұл туралы қолымызда Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты ғылыми-зерттеу институтының анықтамасы бар. Онда ұңғымадан шыққан суды ауызсу ретінде тұрақты түрде қолдануға болмайтыны, қолданған жағдайда ол халықтың денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін екені айтылған.
Ендеше, мемлекеттік органдардың жұмысын тәп-тәуір жүргізіп отырған «Рауан» ЖШС-на қатысты қояр талабы қандай? Қайта-қайта тексеру мен арыздан көз ашпаған кәсіпкер енді қайда барып араша сұрағаны жөн? Мүмкін Дербісектегі жағдайды Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров білмейтін болар?
