Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің айтуынша, Жанболат Мамайдың несиенің барлық түрлері бойынша жарияланған кредиттік амнистия туралы мәлімдемесі шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Олар өздерінің жеке саяси мақсаттарын жүзеге асыру үшін азаматтарды адастыруда», – деді ведомство.
Агенттік Қазақстанда 2004-2009 жылдар аралығында теңгемен ипотекалық несие алған халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы ипотекалық қарыз алушыларға, сондай-ақ 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін шетел валютасындағы ипотекалық қарыз алушыларға көмектесу үшін ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын іске асыру жалғасып жатқанын айтып өтті.
Банктер мұндай қарыз алушыларға олардың қаржылық және әлеуметтік жағдайын жан-жақты талдау негізінде қолдау көрсетеді, оның нәтижелері бойынша қарыз алушыға қажетті көмек көрсету туралы шешім қабылданатын болады.
«Несиелік амнистияны жүргізу заң жүзінде қарастырылмаған, сондықтан агенттіктің халықтың несие бойынша берешегін есептен шығару туралы шешім қабылдауға құқығы жоқ», – деді қаржы нарығын реттеушілер.
Сонымен қатар несие бойынша берешегі бар азаматтарды қолдау мақсатында ағымдағы жылдың қазан айынан бастап несиені реттеудің бірыңғай тәртібі енгізілгені атап өтілді. Несиелер бойынша кешіктірілген жағдайда қарыз алушылар банкке немесе МҚҰ-ға жүгінулері қажет, онда олардың шағымдарын қарап, проблемалық қарыздарды қайта құрылымдау шарттары ұсынылады.
Айта кетейік, бүгін 9 желтоқсан күні Алматыда Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің «Көктем 3» шағын ауданындағы ғимаратының алдына ондаған адам жиналып, несиеге рақымшылық жасауды талап етіп жатқаны жазылған.
Сондай-ақ естеріңізге салайық, 7 желтоқсан күні әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ипотекалық тұрғын үй несиелеріне кредиттік амнистия жарияланды деген ақпарат тараған еді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.