Жазда құрғақшылықтан мал қырылған өңірлерге жем-шөп жеткізуді ұйымдастырған Шымкент қаласының тұрғыны Құрмет Талапқазы университетке тегін қабылданды. Бұл туралы бүгін әлеуметтік желіде бірнеше әлеуметтік желі белсендісі сүйінші сұрады.
Бұған дейін Өмір Шыныбекұлы «ҚР БжҒ министрі Askhat Aimagambetov мырзаға!Қазақстандағы барлық университеттердің ректорларына!
Өткен жазда қатты қуаңшылық болған кезде Шымкент қаласында саудамен айнылысып жүрген Құрмет Талапқазы «Халқымның жағдайы нашар, әсіресе шағын шаруашылықпен айналысатындарға қиын заман туды, соған құлазып жүрмін. Көмек бастап кеткеніме қуанамын, әрине, бірақ бұл мақтану үшін емес, қуанудың орнына іске кірісу керек, жұмыс көп. Ата-әжелер көзіне жас алып, алғысын жаудырып жатыр, батасын берді. Бірақ рақметін күтпеймін, әрбір қазақ, өз елінің азаматы менің ісімді жасар еді. Қазір бәрін жиналып, көмектесуге шақырамын», – деп мәлімдеп, өзі бастап шөп орып, Қазақстанның батыс өңірлеріне вагон-вагон шөп жібергенін ұмыта қойған жоқпыз.Кеше Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мырза Құрметке «Жыл үздігі-2021» сыйлығын тапсырды.Желіде жазылған пікірлерден Құрметтің де өз проблемасы жетерлік екенін біліп, телефонмен хабарласып, өзімен сөйлестім.Ұяң жігіт екен, проблемасын айтқысы келмеп еді, мен тықақтап қоймадым.Қытайдың Алтай өлкесінде туып-өскен Құрмет 2016 жылы елге оралып, Шымкент қаласындағы оқу орындарының біріне түскен екен. Артынан «Силквей (қазіргі «Орда») университетіне ауысып, оқып жүргенде аяғын қатты жарақаттап алып, оқуын жалғастыра алмай қалыпты. Сөйтіп жүргенде «Орда» университеті лиценцзиясынан айырылып, жабылып қалды.Өздеріңіз білесіздер, патриот адамдар жеке бастарын ойлай бермейді. Eлдің аштан қырылған малына шөп жинап жүріп, Құрмет құжатын өзге университетке тапсырып үлгермей қалады.Патриотизмнің жарқын үлгісін көрсеткен Құрмет секілді азаматты еліміздегі кез-келген университет құшақ жая қарсы алады деп ойлаймын. Асқат Қанатұлы!Құрмет Талапқазыны аз ғана демеп жіберіп, өзге бір университетке ауысуына ықпал жасап жіберіңізші.Репост!» деп жазба қалдырған болатын. Халықтың жанайқайы Бас мұғалімнің құлағына жетіп, енді Құрметтің осы өңірдің студенті атанатыны белгілі болып отыр.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті білім және ғылым министрінің жоғары оқу орындарының ректорларымен кездесуінде университет басшылығына Құрмет Талапқазыға тегін білім беру құқығын беру мүмкіндігін қарастыруды тапсырғанын хабарлады.
Оқу орны Құрмет Талапқазыға тегін оқуға мүмкіндігін берген.
Еске салайық, 2021 жылдың жазында еліміздің батыс өңірлерінде мал қырылған құрғақшылық кезінде Шымкент қаласының тұрғыны Құрмет Талапқазы шөп шабуға, сондай-ақ құрғақ аймақтарға жем жеткізуге қаражат жинауды ұйымдастырған. Құрмет алты вагон шөп жинап, Маңғыстау мен Батыс Қазақстан облыстарының қуаң аймақтарына жөнелтті.