Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

-9 C
Nur-Sultan
-5.1 C
Almaty
2.3 C
Shymkent

«Сарбаздар құдды соғыстағыдай «ура» деп қарсы жүгіре бастады»: Желтоқсан оқиғасының куәгерлері естеліктерімен бөлісті

Танымал

Ел аузында

Бүгінгі бейбіт өмір –  өткен ғасырдағы өрімдей жастардың өлімі, қаны мен жаны, қатал тағдыры. Қазақ жастары өмірі мен болашағын тәуекелге тігіп, тағдырларын сарп етіп, бейбітшілік үшін ұмтылған сол бір Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толып отыр. Осыған орай, Stan.kz тілшісі “Желтоқсаншы зейнеткерлер” ұйымының мүшелерімен сұхбаттасып, ызғарлы Желтоқсан оқиғасы жайлы сұрап білді. 

“Желтоқсаншы зейнеткерлер” ұйымының директоры Талғат Қожандыровтың айтуынша сол күні алаңға студенттерін іздеп мұғалімдер де шыққан.

“Ол кезде мен 32 жаста болатынмын. Институтта ветеринариядан сабақ беріп, мұғалімдік қызметті атқарып жүрдім. Бір қызығы сол күні студенттердің бәрі сабақта түгел болды. Түгендеп болғаным сол еді, барлығы орындарынан тұрып алаңға кететіндерін айтып топ болып шығып кетті. Аудиторияда тек екі Ауғанстаннан келген өзге ұлт өкілі ғана қалды. Кейін жиналыс болып, басшылық бізге “барып студенттеріңді қайтарыңдар, егер таппасаңдар өздерің де оралмаңдар” деп айтты. Қазір ойлансам, сол кезде бізді де барсын деген ниетпен жіберген екен ғой…” 

Студенттерін іздеген жас ұстаздар алда не күтіп тұрғанын білмесе де, тәуекел етіп алаңға келген. Ол жақтағы көрініске қарап рухтанып та, күрсініп те жүріп өздерінің қалай трибунаға дейін жақындағандарын ұқпай қалса керек.

“Қыс ызғарынан сол күнгі қардың өзі тастай қатты болып тұрды. Қақ ортада бір әйелдің қазағым деп жылап тұрып сөз сөйлегенінен кейін алаңдағы жұрт жаңағы қатты қарды сақшыларға қарай ата бастады. Осылайша ғимаратқа кіруге 3-4 саты қалып еді. Қазір ойласам, сол кезде жаңағы сатыларды бағындырғанда жағдай мүлде басқаша болар ма еді…

Бізді зұлымдардың қорлауынан құтқарған ешкім біле бермейтін кішкентай жол болды. Институттың жанында “Меруерт” деген кафе болатын. Бергі жағында біздің оқу ордамыз, арғы жағында қазіргі телевидение мен алаң. Су шашу, ұрып-соғып, қамау басталған қарбалас сәтте біз де жан сауғалап қашып жүріп таяқтың астына іліктік. Алайда сол жолмен жасырынғанымыздың арқасында аман қалдық”, – дейді желтоқсан оқиғасының куәгері.

Староста ретінде топ алдындағы жауапкершіліктің жүгін арқалаған Ақшагүл Жемісбаева да сол күні алаңда болған қыздардың бірі. Айтуынша, жазалаушылар үшін әлсіз арулар жеңіл олжаға айналған. 

“ҚазМУ-дың (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – ред.) 4-курсында оқып жүрдім. Сол күні сабаққа келе жатып оқу орынымыздың алдында студенттердің жиналып тұрғанын көрдім. “3 күн алаңға шықсақ, Мәскеу шешімін өзгертеді” деген сыбыстарды естідім. Аудиторияға кіре салысыммен бір қыз келіп “сен осы топтың старостасы емессің бе, бәріне айт орталық алаңға шығамыз” деп маған бұйырды. Мен де шет жағасын біліп тұрғандықтан бәрін жастар жиналған жерге қарай алып шықтым

Алаңға біз екі күн бойы шықтық. Тоңып, қалтырап жүріп бір топ ер адамның арқасында дер кезінде қашып үлгердік. Алаңдағы жиналыста сөз сөйледім. Мені бірінші комсомолдан, сосын оқудан шығарды. Кейін үрей мен қорқыныш пайда болды. Бәрінен күдерімді үзген кездер де болды”, – дейді ол.

“Желтоқсаншы зейнеткерлер” ұйымының мүшесі Жұлдызай Бисенбаева да өз басынан өткендерін есіне алды.

“Сағат 12-лер кезінде алаңдағылар “гнать” деп айқайлады. Сол кезде күрекпен ұру, су шашу басталды. Біздің жігіттер де қарсыласып төбелесіп жүрді. Көз алдымда ерекше қалғаны, шекара училищесінің сарбаздары болса керек, “Ура!” деп бізге қарсы жүгіре бастады, құдды соғыстағыдай…

Менің үстім су, ол мұз болып қатып қалған. Қашып жүріп байқамай құбыр шұңқырына түсіп кеттім. Шыға алмай біраз тұрдым, бар күшімді жиып прожектор қасына келдім. Ол кезде шулаған дыбыстар әлі басылмаған екен. Алаң мен ондағы оқиғаның бәрі көз алдымда өтіп жатты. Кейін мені ұстап, бөлімшеге де апарды. Ол жақтағы темір тордың адамға толғандығы сонша, іште аяқ шаншыр орын жоқ болатын. Мені құдай сақтап, ұзақ тергеуден соң кезекші әйелдің жанына отырғызды. Осылайша, бір жөнін тауып ол жерден шыққан болатынмын. Қазір ойлап қарасам, бұның барлығы Алаш қозғалысының нүктесі болған екен…” – деп қорытындылады Жұлдызай Бисенбаева өткен кездің ызғарлы болғандығын есіне алып.

“Желтоқсаншы зейнеткерлер” ұйымы бүгінде жалған атақ алып жүргендерге наразы. Өздерін батырмын деп атақ қуып, пайдасын асырушылардың көбейіп кеткендігін де жасырмады. Бұған қоса ұйым мүшелері келешек ұрпаққа тарих болып қалар жайттарды бұрмаламай дұрыс жеткізу керек дейді. 

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

Түркістанда «Заң және Тәртіп – қауіпсіз қоғамның кепілдігі» атты форум өткізілуде.

Мемлекет басшысы құқық қорғау және бейінді мемлекеттік органдардың алдына азаматтардың жан – жақты қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін қойды. Біздің...