Штаб мәліметінше, 12 қаңтардағы жағдай бойынша Алматы қаласында 120 ірі және орта супермаркет жұмыс істейді. Тәртіпсіздіктер кезінде ірі сауда желілерінің 31 нысаны зардап шеккен.
«Бүгінде барлық 52 сауда базары жұмыс істейді. Базарлар арасында зардап шеккен нысандар анықталмаған. 220 жанар-жағармай құю станциясының (ЖЖҚБ) 127-сі ашылған. 13 қаңтардан бастап қосымша 33 жеке ЖЖҚБ ашылады деп жоспарланған. Жанар-жағармай құю бекеттерінің 74 нысаны зардап шекті, оның 14-і қалпына келтіріліп, жұмыс істеп тұр», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, бүгін, 12 қаңтарда 8 сауда орталықты ашу жоспарлаған. Олар: «Достық плаза», «Мега парк», «Мега Алма-Ата», «Атакент молл», «Март», «Силкуэй сити», «Алатау», «АДК». 17 нысанға қайта жаңғырту жұмыстары жасалады. «Есентай молл», «Форум» сауда орындары қаладағы жағдай тұрақталғаннан кейін ашылады.
Сонымен қатар, бүгінде 3,2 мың қоғамдық тамақтану нысанының 1,5 мыңы жұмыс кестесімен сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді. Сондай-ақ, 120 кәсіпорынның 82-і жұмыс істейді. 19 қаңтарға дейін 38 кәсіпорынды іске қосу жоспарланған.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда 11 қаңтардан бастап алты сауда және ойын-сауық орталығы жұмысын бастайтыны хабарлаған болатын.