Украина мен Ресей арасындағы қақтығысқа қазақ жұлдыздары да алаңдаулы. Мәселен, аяғы ауыр Мақпал Исабекова күні-түні жазықсыз адамдарды ойлаумен жүргенін айтады. Әнші ойын басқа арнаға бұра алар емес. Сол сияқты Роза Әлқожа да украин халқы үшін алаңдап, ауырып қалған, деп жазады Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Әлемде болып жатқан оқиғадан басқа ештеңені ойлай алар емеспін. Қайта-қайта жаңалық оқи беремін, ойымды басқаға бұра алмадым. Бірдеңе істеуге зауқым да, құлқым да жоқ. Онсыз да эмоцияға берілгіш адам едім, жүктілік оны үдете түсті. Барлығы тезірек аяқталып, адамдар үйлеріне аман-есен оралса екен», – деп тілегін білдірді Исабекова.
Ал Роза Әлқожа айналада болып жатқан оқиғаларға алаңдаймын деп ауырып қалғанын айтады.
«Жүрегіндегі құдайын жоғалтып алғандар ахиреттегі азабына дейін адамға азар көрсетуден тартынбас! Біреуге болсын демеген оңбас, дегені болмас. Украинаға алаңдаулы халдеміз. Бейбітшілік болсын әлемде! Айналаға аңқылдап жүріп ауырып қалдым. Үш күн дегенде үйіме әрең жеттім ғой! Алда концерт. Аллаға тапсырдым!» – деп бөлісті өнер иесі.