Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстанның мағынасын айтты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«Ішкі-сыртқы қатерлерді ескеруіміз керек. Біз сын-қатердің бәрін еңсеріп, осы күнге жеттік. Енді елімізді түбегейлі жаңғыртуға кірістік. Бұл кезең алмағайып уақытқа тұспа-тұс келіп отыр. Қазіргі халықаралық ахуал Қазақстанға да әсер ететіні анық. Бірақ заман қаншалықты күрделі болса да, біз бағдарымыздан айнымаймыз. Өткеннен тағылым алып, келешекке сеніммен қадам басамыз. Осы жолда ең алдымен жұртымызға ауызбіршілік керек, ақыл мен сабыр, парасат пен ұстамдылық қажет. Біз әр шешімді мұқият саралап, әр істі байыппен жасауға тиіспіз. Отаншылдық рухы жоғары ел көздеген мақсатына қалай да жетеді. Біздің мұратымыз – Жаңа Қазақстан құру. Бұл нені білдіреді? Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен елдің болашақтағы бейнесі. Өз елінің ертеңіне сенбеген халық мықты мемлекет құра алмайды. Бұған тарихтан талай мысал келтіруге болады. Біз келешегіміз кемел боларына және жарқын болашақты өз қолымызбен жасай алатынымызға сенеміз», – деді ол.