Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров журналистерді қудалауға қатысты сұрақтарға жауап берді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Үкімет отырысында журналистер министр Омаровтан Қазақстандағы журналистерге қатысты жағдайды сұрады.
«Журналистер мен жекелеген БАҚ шетелдік агент ретінде таныла ма» – деп тілші сұрақ қойды.
«Бұл біздің әдіс емес. Менің ойымша, біздің елде журналистер мен БАҚ қудаланбайды. Біздің жол – бәсекеге қабілетті әрі аудитория сұранысына ие болуы үшін БАҚ-тың жемісті дамуы», – деп жауап берді министр.
Сондай-ақ, Омаровқа кейбір журналистер мен БАҚ-ты шетелдік қаржыландыру мен гранттардан бас тартуға мәжбүрлеу мүмкін бе деген сұрақ қойылды.
«Әзірге бірде-бір жұмыс тобын құрған жоқпыз, оның қаралып, қаралмайтыны туралы не айтамыз. Бастысы – мемлекеттік мүддені қорғауда БАҚ-ты бірінші орынға қою.
«Мемлекеттік мүдде» мемлекет мағынасында емес, бәріміз туралы, біз – мемлекетпіз. Біз аудиторияға сапалы ақпарат беруіміз керек, жалған, расталмаған ақпараттан аулақ болуымыз керек. Неғұрлым қызықты, сапалы ақпарат болса, соғұрлым аудиториямыз артып, БАҚ-тың егемендігін құрамыз», – деп қосты Омаров.
Еске салайық, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында БАҚ туралы заң мемлекет мүддесін ескере отырып, қайта қаралатынын айтқан болатын. Ол ашық ақпарат кеңістігін, танымал және күшті БАҚ құруға мемлекет ерекше көңіл бөлетінін айтты.