Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мейрамын тойлау қарсаңында Ақорда резиденциясында бірқатар қазақстандықты марапаттады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«Қажырлы еңбек, көмектесуге деген адал ниетіңізбен барлық отандасқа үлгі болдыңыз. Бірге Қазақстанның қайта құру процесін сәтті бастайтынымызға, Жаңа Қазақстанды – жаңа мүмкіндіктер елін құратынымызға сенемін», – деді Тоқаев марапаттау рәсімі кезінде.
Тоқаев 16 наурызда Қазақстан халқына Жолдауын жариялағанын, оның басты мақсаты – тәуелсіздікті сақтау және Қазақстанды дамыған мемлекетке айналдыру екенін еске салды.
«Жаңа Қазақстан – бұл абстракция идея емес, болашақтың айқын бейнесі. Әрқайсыңыз ынтымақ пен бірлік құндылықтарына адал екеніңізді іс жүзінде көрсетіп отырған нағыз патриотсыздар», – деді Мемлекет басшысы қатысушыларға сөйлеген сөзінде.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан зор үлесі, белсенді қоғамдық қызметі, азаматтарды құтқару мен қорғауда көрсеткен жеке жанкештілігі, қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысқаны үшін бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады. Олардың қатарында өндіріс саласының өкілдері, денсаулық сақтау, бизнес, мәдениет және ғылым қайраткерлері, спортшылар, еріктілер бар.