Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов Ресейден Қазақстанға еңбек мигранттарының көптеп келуі байқалмайтынын айтты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«Бүгінде Ресей Федерациясынан және т.б. еңбек мигранттары ағынын көріп тұрған жоқпыз, қазір Қазақстанда 100 мыңға жуық Ресей азаматы бар. Оның 6 мыңы 2022 жылдың басынан бері жұмысқа келген. Жыл сайын Қазақстаннан кететіндер келгеннен гөрі көп екенін көрсететін теңгерім бар», – деді Шәпкенов Сенат отырысында журналистер сұрағына жауап беріп.
Министрге болашақтағы кадрлар мен жұмыс орындары тапшылығының ықтималдығы туралы сұрақ қойылды.
«Әр салада мамандықтар атласын жасадық, 9 жаңа мамандық пайда болды. Әр салада кадр тапшылығы болады. Нарық өзгеріп жатыр, кейбір мамандықтар жойылады, кейбіреулері өзгеруге мәжбүр болады, ал кейбірі жаңадан пайда болады. Мен тіпті «дрон-операторы» мамандығы болады деп ойлаған емеспін. Технологиялар дамып, соған сәйкес мамандықтар да пайда болады. Әр салада кадр қажет болады. Сұранысқа қарай бұл кадрларды дайындау керек», – деп жауап берді Шәпкенов.
Бұған дейін Серік Шәпкенов Ресейден еңбек мигранттары қаптап келуі мүмкін деген мәселеге қатысты пікір білдірген болатын. Оның айтуынша, Қазақстандағы шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы Ресей мен ЕАЭО-ның басқа елдері азаматтарына қолданылмайды.