ТЖМ Қазақстан өңірлеріндегі су тасқынына қатысты кейінгі ақпаратты бөлісті. Елде қазіргі уақытта 99 тұрғын үйді су басты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бұған дейін сағат 13.00-дегі жағдай бойынша БҚО-ның 172 үйі су астында қалғаны туралы ақпарат берілген болатын, комиссиялық тексерулерден кейін 99 үй су астында қалғаны анықталып, нақтыланды», – делінген хабарламада.
Ақмола және Қарағанды облыстарындағы жергілікті маңызы бар автожолдардың 2 учаскесінде су тасқыны болды. БҚО Жәнібек ауданы Жақсыбай елді мекенінде су басу салдарынан 108 бас мал қырылғаны хабарланды.
«Су тасқыны кезеңі басталғаннан бері 8 елді мекенде 184 тұрғын және 15 саяжай үйлері, 2 әлеуметтік нысан еріген қар суының астында қалды. Павлодар және Ақтөбе облыстарындағы 43 үйден су бұрылды.
841 адам алдын ала эвакуацияланды, оның ішінде 430-ы уақытша эвакуациялау пункттерінде, 411-і туысқандарында орналастырылды», – деді ТЖМ өкілдері.
Су басқан 141 тұрғын және 15 саяжай үйлері бақылауда екені айтылды.
Автожолдарда барлығы 24 су тасқыны тіркелді, оның ішінде республикалық маңызы бар – 4, облыстық – 2, жергілікті – 18, оның ішінде автожолдардың 14 учаскесі шайылды: республикалық – 1, жергілікті – 13.
Қазіргі уақытта республикалық маңызы бар жолдардың барлық учаскелері қалпына келтірілді, облыстық және жергілікті маңызы бар 14 учаскеде су тасқыны қаупі сақталады.
«Өңірлер аумағында су тасқынынан туындаған ТЖ тәуекелдерін төмендету мақсатында ЖАО және ТЖМ күштерімен 719,65 мың текше метр еріген суды сору, инертті материалдары бар 24 191 қап төсеу, сондай-ақ 250 шаршы метр алаңда өзендерде мұз кесу жұмыстары жүргізілді.
Су тасқынына қарсы жұмыстарға ТЖМ, ІІМ және ЖАО-ның 944 адамы, 360 бірлік техникасы, 40 су сорғыш құралы және ТЖМ-нің 8 жүзу құралы жұмылдырылды», – делінген хабарламада.
Ағымдағы жылғы 2 сәуірде БҚО-да су тасқыны жағдайының күрделенуіне байланысты Маңғыстау облысынан ТЖМ құтқару бөлімшелерінің тобы жіберілді, жеке құрамнан 43 адам, 4 техника, 2 жүзу құралы және 6 мотопомпа жіберілді, олар облыстың Тасқала және Сырым аудандарында жұмылдырылды.
БҚО Жәнібек ауданына шұғыл шаралар қабылдау үшін Атырау облысы ТЖД құтқару тобы МИ-8 тікұшағымен жіберілді.
«Қазгидромет» РМК деректері бойынша алдағы тәулікте Ақмола, Ақтөбе, ШҚО, БҚО, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, СҚО және Нұр-Сұлтан қалаларында жаңбыр мен қар түрінде аздаған жауын-шашын жауады.