Биыл мектептерде 7 және 9 мамырдағы мерекелерге орай жиын өткізу жоспары жоқ, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
ҚР білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Мектептерде 7 және 9 мамырда аталып өтетін мерекелер қарсаңында патриоттық тәрбие беру, соғыс ардагерлерінің жеңіске қосқан үлесі, Отанға деген сүйіспеншілік, ізгілік, бейбітшілік пен келісімнің маңыздылығы тақырыптарында сынып сағаттары өткізіледі. Мектептерде 9 мамырға арналған жиын өткізу жоспарланып отырған жоқ», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, аталған ведомстводан әскери киім мен атрибуттарды қолданып, театрландырылған көрініс қоюдың қажет еместігі айтылды.
«Білім беру ұйымдарына осы мәселе бойынша ұсыныстар жіберілді», – дейді баспасөз қызметі.
Еске сала кетсек, таяуда қорғаныс министрілігі биыл жеңіс күніне арналған әскери парадтың өтпейтінін хабарлады. Кейін оның себебі түсіндірілді. Ал бүгін қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов бір әскери парад өткізуге шамамен 4 млрд теңге жұмсалатынын жеткізді. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтанда 7 және 9 мамыр күндері мерекелік отшашудың болмайтыны айтылды.