Қазақстанда жынысты ауыстыру бойынша жыл сайын үш-төрт ота жасалады. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне белгілі қазақстандық пластикалық хирург Леон Дерябин айтып берді.
Жынысты ауыстыру ең қиын пластикалық хирургияның бірі саналады. Ер адамның әйел және әйелдің ер адам болып толықтай өзгеруі бірнеше кезеңде өтеді және мамандар тобының күш-жігерімен жүзеге асады. Операциядан кейін ұзақ уақыт қалпына келтіру жұмысы қажет. Сонымен қатар, жынысын ауыстырғысы келетін науқас операция үшін қомақты сома төлеп, құжаттарын ауыстыруы керек.
«Жынысты ауыстыру операциясы өте күрделі, жыл сайын орта есеппен 3-4 адам жүгінеді. Паспорт деректерін өзгертіп, оңалтудың ұзақ кезеңі қажет. Бұл тек хирургтің емес, сонымен қатар дұрыс гормоналды баптауды таңдайтын эндокринологтың жұмысы. Барлық пластикалық отаның құны әртүрлі, бәрі қойылған міндеттерге байланысты, әрине, барлық ота қымбат», – дейді пластикалық хирург.
Күрделі емес және елде кең тараған операция – жыныс мүшесін үлкейту. Бұл операция үшін қазақстандық жігіттер жиі жүгінеді екен. Хирургтер қанша лигаментотомия (операция осылай аталады) жасалатынын айтпайды.
«Жыныс мүшесін үлкейту – Қазақстанда кеңінен таралған операция. Лигаментотомия деп экстендермен жасалатын операция аталады. Бұл жыныс мүшесін ұзартуға, созуға арналған арнайы құрылғы. Бұл – қазақстандықтар арасында жиі жасалатын операция. Кез келген хирургиялық ота сияқты, операциядан кейінгі кезеңде асқынулар болуы мүмкін, бұған хирург пен науқас мұқият назар аударуы қажет. Резиденттер мұндай операцияны жасамайды, тек резидентураны аяқтағаннан кейін ғана жасайды», – деді Леон Дерябин.
Қазақстандағы пластикалық оталардың танымалдығы бойынша алғашқы үштікті әйелдерге арналған процедуралар құрайды. Бұл периорбитопластика – бұл көз айналасындағы жасарту әдістерімен біріктірілген блефаропластика, маммопластика – сүт безін үлкейту және липосакция.
2019 жылдан бастап Қазақстанда пластикалық хирургияның болашақ шеберлері оқытылып жатыр. Елімізде Санжар Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да алғашқы пластикалық хирургия, эстетикалық медицина және лазерлік косметология кафедрасы ашылып, табысты жұмыс істеп жатыр. Бұл – Қазақстандағы бірінші және әзірге жалғыз осындай кафедра.