Бүгін Алматыда «Вендік бал» форматында соңғы қоңырау өтті. «Zerde» мектебінің 15 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған шараға 400 оқушы қатысты.
Мектептің негізін қалаушысы Гаухар Нұрованың айтуынша, жақында тағы бір қазақ тілді заманауи жаңа мектеп ашылады.
«Zerde» мектебінің ашылуына тұңғыш баламыз әсер етті. Оны Алматыдағы жекеменшік мектептердің біріне орналастырдық. Өкінішке қарай, кейін ол жабылып қалды. Баламның сынып жетекшісі бізге жекеменшік мектеп ашуға кеңес берді. Ақылдаса келе, жолдасым екеуіміз идеяны жүзеге асыруды жөн көрдік. Бүгінде «Zerde» мектеп-гимназиясы еліміздің білім беру нарығында өз орны бар оқу орнына айналды. Жақында жаңа қазақ тілді жаңа мектеп ашуды жоспарлар отырмыз», – деді мектептің даму жөніндегі директоры.
Биыл қыркүйек айында іске қосылатын «Zaman school» мектебі «Zerde» мектебінің дәстүрін жалғастыратын білім беру ұйымы болмақ. Мектеп директоры Күлжан Садуева мектеп ұлттық салт-дәстүрді сақтай отыра балаға заманауи талаптарға сай білім беретінін айтты.
«Zaman school – 590 орынға шақталған жаңа форматтағы қазақ тілді мектеп. Қазақтың дәстүріне сай тәрбие беруді жоспарлар отырмыз. Заман талабына сай математика мен ағылшын тілі пәндері тереңдетіліп оқытылады. Орта және бастауыш мектептің бағдарламасында математика пәні сингапурлық әдіспен және ғылым сабақтары Кэмбридж университетінің жүйесі бойынша жүргізіледі. Сондай-ақ жоғары сынып оқушыларын IELTS, TOEFL және SAT халықаралық емтихандарына қарқынды түрде дайындаймыз. Мектептің архитектурасы ағылшын стилінде жасалған», – деді ол.
Оның айтуынша, мектеп Іле Алатауының баурайында орналасқан және Алматы қаласындағы ең маңызды 10 жобаның қатарына енген.
Академиялық білімі тереңдетілген мектепте робототехника, шахмат, қаржылық сауаттылық бойынша сабақтар жүргізіледі. Сондай-ақ ұлттық құндылықтарды сақтау, қазақтың өнерін насихаттау мақсатында домбыра сабағы жүргізіледі, ұлттық спорт түрлері, ойындар ойнатылады.