Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

-14 C
Nur-Sultan
-6.1 C
Almaty
0.3 C
Shymkent

Зияткерлік меншік заңмен қорғалады

Танымал

Ел аузында

Қоғамымызда жиі кездесетін құқықбұзушылық, авторларды әбігерге салатын мәселенің бірі авторлық құқықтың сақталмауы деп айта аламыз. Заман сұранысына сай жиі ақпарат алмасу авторлық меншіктің қорғалмай, керісінше жиі бұзылуына себеп болуда.  Осы орайда айта кетер жайт, еліміз егемендік алғалы бері дүниежүзілік қауымдастықтың толыққанды мүшесі болды дейтін болсақ, сол арқылы халықаралық қатынастарда өзіне сәйкес құқықтар мен міндеттерді қабылдап отыр. Солардың бірі зияткерлік меншікті қорғау. Зияткерлік меншік адамның ой-санасымен жасалғанның барлығына қатысы бар өнертабыстар, әдеби және драмалық туындылар, сондай-ақ, коммерциялық мақсатта пайдаланылатын таңбалар, атаулар мен үлгілер. Міне, осы аталғандардың барлығы бүгінде заңмен қорғалады. Еліміз Дүниежүзілік Зияткерлік меншік ұйымының мүшесі, сол себепті зияткерлік еңбек кез келген адамның жеке мүліктік құқығы немесе жеке меншігі ретінде қорғалуын қадағалауымыз керек.  Сондықтан зияткерлік меншік құқығының қорғалуына қоғам болып жауапты болуымыз керек. 

Зияткерлік меншік құқығы біреудің меншігіне берілмейді және тек құқық иесінің келісімімен ғана пайдаланылады. Заңда белгіленген тәртіппен рәсімделген және материалдық тұлғаға көшірілген зияткерлік меншік нысандарының бәрі нарықтық тауар айналымында жүзеге асырылады, әрі материалдық емес құндылықтар түрінде есепке алынады. Зияткерлік меншіктің басты сипаттамасы меншікті пайдаланудың жеке құқықтарын тек зияткерлік меншіктің иесі, яғни автор ғана шамалай алуында, сондай-ақ, оның рұқсатынсыз зияткерлік меншікті бөтен адам пайдалана алмауында. Негізі зияткерлік меншік – материалдық емес игілікке жатады. Ол біреудің меншігіне берілмейді және тек құқық иесінің келісімімен ғана пайдаланылады. Автордың келісімі болмаған жағдайда заң жүзінде қорғап, тіпті қарсы тарапты сотқа беруге де болады. Негізі заң жүзінде қорғайтындай заңнамалар қабылданған. Сондықтан судья соларға сүйене отырып, авторлық құқықты бұзушыларға шара қолдана алады.

Атап өтер жайт, елімізде автор ретінде өзінің меншігін қорғау көп қалыптаса қоймаған. Дұрысы авторлық құқық қорғау мәселесі дұрыс жолға қойылмаған. Сондықтан бұл бағыттағы істер де сотқа дейін жете қоймайды. Яғни сот ісінде автордың құқығын қорғау бағытындағы істер тым аз кездеседі. Есесіне авторы белгісіз, кейбір ұтымды түсірілген суреттер, сәтті шыққан әндер көше әндері болып ел ішіне тарап кетіп жатады. Авторлардың өз құқығын қорғауға келгенде енжарлығын байқағандықтан басқалар да авторлық құқықты сақтай бермейді. Сондықтан мүмкіндігінше әр автордың еңбегін бағалап, автор ретінде бағалау аса маңызды. 

Зияткерлік меншік құқығы өзге де меншік құқықтары сияқты, авторға өз туындысынан немесе шығармашылық жұмысынан табыс табуына мүмкіндік береді. Бұл мәселе дүниежүзілік адам құқықтары декларациясының 27 бабында нақтыланған. Зияткерлік меншік құқығын бұзған жағдайда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 158-бабына және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 198, 199-баптарына сәйкес, жауапкершілікке тартылады. Халқымыздың құқықтық сауаты артуына орай зияткерлік меншік құқығының сот арқылы қорғалуы артып келеді. Соның дәлелі соңғы жылдары осы бағытта қаралатын істердің артуы. 

Мемлекет тарапынан зияткерлік меншік құқығы саласын дамытуға жоғары деңгейде көңіл бөлінуде. Өйткені, дүниежүзілік қауымдастықтың талаптарына жауап беру, дүниежүзілік сауда ұйымына кіру тәрізді маңызды мемлекеттік мақсаттарды жүзеге асыруда авторлық және сабақтас құқықтар мен өнеркәсіптік меншік саласындағы құқықтарды қорғау маңызды факторлардың бірі болып саналады. Сондықтан зияткерлік меншік келешекте мемлекет азаматтарының әл-ауқаттылығы деңгейін белгілейтін, құнды ресурс ретіндегі ауыз толтырып айтарлықтай маңыздылыққа ие болады деп күтілуде. Мұның қоғам үшін де, авторлар үшін де пайдасы зор болмақ. 

Қазіргі таңда зияткерлік қызметтің жаңа салалары пайда болуда. Міне, осыларды құқықтық қорғау үшін елімізде зияткерлік меншік туралы заң жұмыс істеу үстінде. Бұл заман талабы деп айта аламыз. Атап айтар болсақ, Қазақстанда зияткерлік меншік объектілерінің құқығын қорғау «Авторлық құқық және аралас құқықтар туралы», Қазақстан Республикасының Патенттік, «Тауар белгісі, қызмет ету белгілері және тауарлардың шыққан жерлерінің атаулары туралы», «Электрондық құжат және электрондық цифрлық қол қою туралы» заңдары жүзеге асыруда. Тіпті, қолданыстағы Әкімшілік, Азаматтық және Қылмыстық кодекстерде Зияткерлік меншік құқығы департаменті Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің зияткерлік меншік мәселелерімен айналысатын уәкілетті мемлекеттік органы болып табылатындығы да айтылған. Бұл заңдық құжаттардың барлығы зияткерлік меншік ұғымымының қоғамымызда өз орыны бар екенін, құқығы да қорғалатынын аңғартады. 

Атап өтер жайт, авторлық құқық дамыған елдерде жақсы жолға қойылған деп айтуға болады. Авторлары да зияткерлік меншігінің ақысын алуға машықтанған. Яғни еңбек бағаланады. Еңбек қорғалады. Біз де авторлық құқықты қорғауға мән берсек адам еңбегін бағалауды да үйренер едік. Авторлық құқық мақсатына, маңызына, мазмұны мен сипатына қарамастан шығармашылық еңбектiң нәтижесi болып табылады. Яғни шығармашылық иелерінің еңбегі, зияткерлік меншігі деп санауымыз керек. Біздің елімізде де авторлардың еңбегі енді бағаланып келеді. Соның дәлелі соңғы жылдары елімізде авторлар қоғамының құрылуы дер едік. Олар негізінен әндердің құқығының қорғалуына, композиторлардың еңбегінің еленуіне, әншілердің құқығын қорғау мақсатында жұмыс істеуде. Аталмыш авторлардың құқығын қорғау ұйымы авторларға сыйақы төлеп, еліміздегі авторлық құқықтың қорғалуына атсалысу үстінде. Сондай-ақ авторлық құқық қорғау ұйымы авторлардың, яғни шығармашылық иелерінің шығармаларының құқығын басқару, яғни авторлардың атынан олардың туындыларын пайдалануға рұқсат берумен және авторлық сыйақыларын жинаумен, айналысады. Ең бастысы жиналған сыйақыны бөлу және төлеумен айналысып, авторларға еңбегіне сай сыйақы төлеуге атсалысуда. Бүгінгі күні еңбегінің жемісін жеген авторлар өз құқығын қорғауды, еңбегін бағалауды, автор ретінде өз меншігіне ие болуды үйреніп келеді.  Дегенмен басқа шығармашылық иелері де өзін автор ретінде сезініп, меншігін қорғай білсе нұр үстіне нұр болар еді.  

Жалпы мемлекет тарапынан бүгінгі күні авторлық құқықты қорғауға қатысты көптеген жұмыстар жүргізілуде. Енді авторларымыз, шығармашылық иелері де өз меншігін қорғауға бейімделе білсе бұл бағыттағы жұмыстар нәтижелі бола түспек! Ең бастысы бұл шығармашылық иелерінің шабытына шабыт қосуға зор ықпал етер еді.

Атап өтер тағы бір жайт, бүгінгі таңда елімізде әділет органдары тарапынан зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды және зияткерлік еңбекті, кәсіпкердің еңбегін қорғауда нәтижелі жұмыстар жүргізілу үстінде. Сонымен қатар, соңғы уақытта контрафактімен, жалған, сапасыз өнімнің айналымына қарсы тиісті құзырлы орындар тарапынан біршама тұшымды шаралар ұйымдастырылды. Бұл дегеніміз зияткерлік меншікке қатысты заңның ойдағыдай жүзеге асырылып жатқанын білдіреді. Сондықтан мүмкіндігінше кез келген азамат өзінің зияткерлік құқығын қорғауға тырысуы керек.

Қалима Дуанбекова, Алматы қаласы Әуезов аудандық сотының судьясы

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

Түркістанда «Заң және Тәртіп – қауіпсіз қоғамның кепілдігі» атты форум өткізілуде.

Мемлекет басшысы құқық қорғау және бейінді мемлекеттік органдардың алдына азаматтардың жан – жақты қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін қойды. Біздің...