Қазіргі таңда жемқорлықсыз қоғам құру көптеген мемлекеттердің басты мақсаттарының бірі. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту бағытындағы жұмыстар үздіксіз жүргізілуде. Біздің елімізде де сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмыстары әрдайым жетілдірілу үстінде. Әрине әлем бойынша сыбайлас жемқорлықпен күресу механизмінің барлық елдерге тиімді болатын бірегей тәсілі жоқ.
Әрбір мемлекеттің сыбайлас жемқорлықпен күресу әдісі, бағыты өзгеше. Сыбайлас жемқорлықпен күрес елдің саяси және экономикалық тұрақтылығына ғана емес, сонымен қатар әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлеріне, діни ерекшелігі мен құқықтық мәдениет деңгейіне және аумағы бойынша алатын жеріне, халқының саны мен орналасу тығыздығына да байланысты. Біздің еліміз де жыл сайын сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтіп, мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауында да жемқорлықпен күрестің тоқталмайтыны атап өтіледі.
Жалпы елімізде Тәуелсіздік алған жылдардан бастап жемқорлыққа қатысты қатаң мемлекеттік саясат қалыптасты деуге болады. Еліміз ТМД мемлекеттерінің арасында бірінші болып 1998 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» арнайы заңын қабылдады. Кейіннен бұл саладағы ұлттық заңнаманы жетілдіру барысында Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы, Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенцияларын және басқа да жалпы жұрт таныған халықаралық актілерді ратификациялап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бүкіләлемдік қоғамдастықтың тең мүшесіне айналды. Айта кетер жайт сыбайлас жемқорлықпен күресте қоғамның қарсылығы маңызды. Сыбайлас жемқорлықтың таралуына көп жағдайда азаматтардың өз құқықтары мен мемлекеттік қызметтер ұсынудың тәртібі туралы тиісті дәрежеде хабардар болмауы ықпал етеді. Халық белсенді азаматтық көзқарасты ұстанып,өзін өзі қорғап, лауазымды тұлғалар тарапынан заңсыздыққа қарсы тұра білсе жемқорлық етек жаймас еді. Бүгінде мемлекеттің ұстанымына сай азаматтық көзқарасыңды жеткізуге болатын алаңдар көп және кез келген мемлекеттік органға ашық түрде жемқорлыққа наразылық танытып жүгінуге болады. Сайттарға кіріп, өтініш қалдыруға немесе call орталыққа хабарласуға болады. Барлығы азаматтарға жемқорлықпен күресуге көмектесуге дайын.
Жалпы алғанда, кез келген мемлекетте сыбайлас жемқорлықпен күрес – жалпыхалықтық іс болған кезде ғана қоғам дертінен құтылары сөзсіз.
Утеубаев Канат Талгатбекович, Алмалы ауданының 2 аудандық сотының судьясы