Әлеуметтік желіде полицейлердің Түркістан облысы Сайрам ауданының тұрғынын азаптау кезіндегі дауыстар жазылған видео жарияланды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Elitar.kz басылымына сілтеме жасап.
Ауыл тұрғынының сөзінше, бұл жазбаны ол бірнеше күн бұрын Ішкі істер министрлігіне арыз жазу арқылы алған. Видео Сауран аудандық полиция бөліміндегі бейне бақылау камерасына түсірілген.
Тұрғын полиция бөліміне екі қой ұрлады деген күдікпен жеткізілген. Айтуынша, полицейлер басына полиэтилен пакет кигізіп, ұрған. Осылайша құқық қорғаушылар ер адамға істемеген қылмысын мойындатпақ болған. Оқиға 2022 жылдың 8 ақпанында болған.
Полиция департаментінің өкілдері 34 жастағы тұрғынның мал ұрлауға қатысы жоқ екенін және үстінен қозғалған қылмыстық істің тоқтатылғанын мәлімдеді. Ал полицейлерге қатысты іс қозғалыпты. Өз арызында тұрғын 5 қызметкердің атын көрсеткен. Қазір бұл іспен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі айналысып жатыр.
Зардап шеккен азамат Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері істі сотқа дейін жеткізгісі келмейтінін айтады. Себебі өзін азаптаған полицейлердің отбасы мен балалары бар екенін айтып, кешіре салуын сұраған.
Зардап шегуші мұнымен келіспейтінін айтып, істі Ұлттық қауіпсіздік комитетіне беруді талап етті.