«Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдері, патрульдік полиция қызметкерлерімен бірге есірткі заттарын тасымалдауы мүмкін деген күдікті жүргізушіні ұстады.
Нақтырақ айтсақ, тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шаралары барысында Түлкібас ауданы аумағындағы «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тас жолында «Ауди С4» маркалы автокөлікті тоқтатты. Тінту кезінде автокөлік салонынан, ішінде есірткіге ұқсас заты бар 1 қап пен 1 полиэтилен пакет табылып, тәркіленді. Сараптамаға сәйкес, тәркіленген есірткі жалпы салмағы 10 келіден асатын «кептірілген марихуана» болып шықты. Анықталғандай, күдікті бұрын сотты болған, жеке тасымалмен айналысатын жүргізуші, Жамбыл облысының тұрғыны.
Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК-нің 296-бабының 4-бөлігі «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Тергеу оқиғаның толық мән-жайын анықтайтын болады.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға есірткі заттарын заңсыз сақтау, тасымалдау және таратқаны үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Сондықтан азаматтарға зиянды әдеттерден бас тартып, салауатты өмір салтын ұстануға кеңес береді.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі