Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шиеленіс қайта өршіді. 16-қыркүйектің таңы қос тарап үшін атыспен басталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Таңғы сағат 6.00-дан бастап тәжік тарапы Қырғызстанның шекара отряды мен заставаларын миномёттің астына алған. Қырғыз-тәжік шекарасында жағдай шиеленіскен сипатқа ие.
«Сағат 06:00-де тәжік тарапы Екі-Таш, Чир-Добо, Кум, Мазар мен Орто-Боз аумақтарын, ҚР ҰҚМК шекара отрядтарын топтық қарудан атқылай бастады», – делінген Қырғыз Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті Шекара қызметінің мәлімдемесінде.
Сонымен қатар атыс Баткен шекара отрядына қарасты Көк-Таш шекара заставасының аумағында да жалғасқан.
Екі жақ та күшейтілген режимге көшкен.
Жағдайды тұрақтандыру және қақтығыстың өршуіне жол бермеу үшін бірнеше рет екіжақты келісім болғанмен, одан нәтиже шығар емес.