Отандық педагогика ғылымында өзіндік қолтаңбасы бар, қазақ тілін оқыту әдістемесі саласына елеулі үлесін қосып жүрген ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің және ҚР Білім және ғылым министрлігі тағайындаған «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері Дәулетбекова Жанат Тұрарбекқызының «Үш қиян» баспасынан «Әдістеме-шеберлік әлемі» атты ортақ тақырыппен төрт жаңа кітабы жарыққа шықты. Кітаптардың тұсаукесерін Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті ұйымдастырды. Кітаптың таныстырылымына зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары, тілші-ғалымдар, әдіскер мамандар, мектеп мұғалімдері мен білімгерлер қатысты.
Тілді оқыту әдістемесі мәселесімен айналысатын ғалымдарға, мектеп мұғалімдері мен педагогикалық жоғары оқу орны студенттеріне, магистранттар мен ізденушілерге арналған әдіскер-ғалымның зерттеулер жинағының «Әдістеме-шеберлік әлемі. Тілді оқыту: лингвопсихологиялық аспект» атты бірінші томына қазақ тілін меңгертуді психологиялық тұрғыдан зерделеген еңбектері енгізілген. Олар екі бөлімге топтастырылған. Бірінші бөлімге «Оқу мотиві-сапалы білім негізі» атты монографиялық еңбегі, екінші бөлімге «Оқушылардың танымдық қызығушылығын қалыптастыру» атты зерттеуі енгізілген.
Кітапта ғалымның қазақ тілін оқыту үдерісінде білім алушының оқу әрекетін ұйымдастырудағы оқу-танымдық, әлеуметтік мотивтердің маңызы мен рөлін дәйектеген зерттеу қағидалары және мектеп оқушыларының танымдық қызығушылығын қалыптастырудың тиімді жолдары негізделген. Үздіксіз білім беру жүесінде білім алушыларға сөз мәдениетін меңгерту- әдіскер-ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жанат Тұрарбекқызы Дәулетбекова жүргізіп келе жатқан зерттеу жұмыстарының негізгі өзегі. «Әдістеме-шеберлік әлемі. Сөз мәдениеті: әдіснама мен әдістеме» атты екінші томында жалпы білім беретін орта мектептерде сөз мәдениетін оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері айқындалып, жаңа талапқа сай оқыту ұстанымдары, білім берудің басты парадигмалары, оқушылардың сөз шеберлігін қалыптастырудың инновациялық технологиялары сараланған. Зерттеудің басты бағыты бойынша сөз мәдениетінің білім мазмұнындағы орны, рөлі, оны меңгертудің әдістемелік жүйесі бірізділікпен зерделенген.
Жалпы білім беретін мектептің негізгі және бейіндік сатыларында сөз мәдениетін оқытудың сатылы-сабақтастық жүйесі мен ішкі байланыстары ашып көрсетілген. Негізгі мектепте әдеби тіл нормаларына сай білім алушылардың дұрыс сөйлеу дағдыларын, ал бейіндік мектепте сөз мәдениетінің коммуникативтік сапасын меңгере отырып сөз шеберлігіне баулу, көпшілік алдында шешен сөйлеу қабілеттері мен пікірталас мәдениетін қалыптастыру жолдары дәйектелген.
Қазақ тілін оқыту әдістемесін зерттеумен үздіксіз айналысып жүрген ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жанат Тұрарбекқызы Дәулетбекованың зерттеулер жинағының «Әдістеме-шеберлік әлемі. Ұлттық руханият негізі-тіл мен діл» атты үшінші томы 3 бөлімнен тұрады. Кітапта үздіксіз білім беру жүйесінде қазақ тілін жаңаша оқыту жолдарын зерделеген еңбектері топтастырылған. «Тіл және интеллект» атты бірінші бөлімде техникалық жоғары оқу орындарында мемлекеттік тілді оқыту мәселесі болашақ мамандардың интеллектуалдық әлеуетін көтеру тұрғысынан қарастырылған. Ал, «Ойдың көркі-сөз» атты екінші бөлімде зерттеушінің коммуникацияның басты құралы сөз табиғатын талдаған, сөз тектері мен түрлерін жіктеген зерттеу жұмысы қамтылған. Кітаптың «Білім берудің жаңа парадигмалары» деп аталатын үшінші бөлімінде ғалымның қазақ тілін жаңаша бағытта оқытуға арналған ғылыми-талдамалық мақалалары шоғырландырылған. Мақалаларда жаһандану жағдайындағы тілді оқытудың өзекті мәселелері мен оларды шешу жолдарына қатысты автордың тұжырымдары мен ойлары жүйеленген.
«Әдістеме-шеберлік әлемі. Қалдырған ізің мәңгілік...» деп аталатын кітаптың 4-томында педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жанат Тұрарбекқызы Дәулетбекованың қаламынан туған педагогикалық эсселер мен мақалалары, мерзімді басылымдарда жарияланған сұқбаттары жинақталған. Автордың өмірінде терең із қалдырған Ұстаздары, ғылым жолында бағыт-бағдар берген қайраткер тұлғалар хақындағы толғаныстары енгізілген. Кітап «Кәусар бұлақ» және «Білімдіден шыққан сөз...», «Ғылымның киесі бар...» деп аталатын үш бөлімнен тұрады. Естелік жанрындағы эсселерінде де, отандық педагогика тарихында із қалдырған танымал тұлғалар жайлы талдамалық сипаттағы мақалаларында да, түрлі басылымдарға берген сұқбаттарында да автор өзі көрген, білген, бастан өткерген өмір сабақтарынан ой түйе отырып, қазіргі замандағы өзекті мәселелер: педагог мәртебесі, ұстаз болмысы, ғалым беделі, ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыс, жалпыадамзаттық құндылықтар саналатын Адалдық, Кісілік, Адамгершілік, Елжандылық жайлы өз байламдарын ұсынады.
Профессор Ж.Т.Дәулетбекова 2000 жылдан бері Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бекітіп, ұсынған жалпы білім беретін орта мектептердің 5,6,11-сыныптарына арналған «Қазақ тілінің» төл оқулықтары мен оқыту әдістемесі құралдарының авторы. Сонымен қатар 2014 жылдан бері оқу орыс тілінде жүретін мектептің 1-11-сыныптарына арналған «Қазақ тілінің» деңгейлік оқулықтарын жазған авторлар тобында болды. Назарбаев интеллектуалдық мектептерінің жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша қазақ мектептеріне арналған «Қазақ тілі» пәнінің 5, 9, 10, 11-сыныптары мен орыс тілді мектептердің 2-11-сыныптарына арналған «Қазақ тілі мен әдебиеті» оқулықтарын (авторлық құрамда) дайындаған авторлар тобында жұмыс жасады. Жоғарыда аталған оқулықтар республика мектептерінде кеңінен оқытылып келеді.
Жанат Тұрарбекқызы өзінің еңбек жолында 350-ден астам ғылыми еңбек жазып жариялаған. Оның ішінде: қазақ тілін оқыту әдістемесі бойынша 5 монография, ҚР білім беру жүйесіндегі қазақ тілі бойынша 3 Тұжырымдама, 4 мемлекеттік білім стандарты, 12 типтік оқу бағдарламасы, 35 оқулық, 120-дан аса оқу және оқу-әдістемелік құралдар мен 150-ге жуық ғылыми, ғылыми-көпшілік мақаласымен ғылыми орта жақсы таныс.
Сатбекова А.А.
педагогика ғылымдарының
докторы, профессор
ҚазҰлтҚызПУ,
«ЖОО Үздік оқытушысы»
мемлекеттік грантының иегері,
Қазақстан Педагогикалық
Ғылымдар Академиясының
академигі
Профессор Ж.Дәулетбекованың қазақ тілін оқыту әдістемесіне сүбелі үлес қосқан «Әдістеме-шеберлік әлемі» атты төрт кітабы туралы бірер сөз
Танымал
Ел аузында
Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.
Сайт әкімшілігі