Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында, Түлкібас АПБ және патрульдік полиция батальонының полицейлерімен бірлесіп, есірткі құралдарын заңсыз тасымалдаған күдіктіні анықтады.
Нақтырақ айтсақ полиция қызметкерлері, Түлкібас ауданы арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автожолында «Субару» маркалы автокөлікті тоқтатты. Жедел уәкілдер тінту жүргізу кезінде көліктің жүксалғышынан ішінде есірткіге ұқсас заты бар 4 қап пен өсімдік тектес темекі қорабын тапты. Анықталғандай, күдікті жүргізуші бұрын сотталған Түлкібас ауданының тұрғыны болып шықты. Күдіктіден алынған дәлелдемелер сараптамаға жіберілді. Зерттеу қорытындысына сәйкес алынған айғақты заттар жалпы салмағы 20 келіден асатын «кептірілген марихуана» есірткісі екені расталды.
Аталған жайт ҚР ҚК 296-бабы 4-бөлігі бойынша «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша тіркелді. Күдікті қамауға алынды. Бүгінде оқиғаның толық мән-жайы анықталуда. Түркістан облысының полицейлері азаматтарға есірткі құралдарын заңсыз тасымалдау мен сақтауға қатаң қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі