Сауран аудандық полиция бөліміне кешкі сағат 21:48 шамасында облыс орталығының тұрғыны арызданды. Ер адам өз хабарламасында, Майдантал ауылынан 10-15 шақырым жерде жайылымда жүрген қойшысы мен отар қойын таба алмай жатқанын жеткізді. Қала тұрғынына нөсер жаңбыр мен тұманда іздеу қиындаған соң, полициядан көмек сұрады.
Тәртіп сақшылары бұл жайтты дереу тіркеп, шопан мен жоғалған қойларды іздестіру бойынша жедел шаралар қабылдады. Саурандық полицейлер мен Түркістан облысы бойынша ТЖМ қызметкерлері бірлесіп, мобильді топтарға бөлініп, жақын маңдағы аумақтарды қарады. Олар түн ортасына дейін іздеп, келесі күні жоғалған қойшыны іздеуді қайта жалғастырды.
Бір тәуліктен кейін жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, тәртіп сақшылары отар қойды және онымен бірге жоғалған шопанды тапты. Табылған ұсақ малдар заңды иесіне қайтарылды.
Анықталғандай шопан, яғни Жамбыл облысының тұрғыны мал жайып жүріп, ауа-райының нашарлауына байланысты адасып кеткен. Ер адам кері жол тауып қайтқанымен, қой отарымен басқа жаққа кеткен. Қойшы өзін іздеп, үйіне оралуға көмектескендердің барлығына алғыс айтты.
Үй жануарларының иесі, Түркістан қаласының тұрғыны да өз ризашылығын білдірді: «Кеше ауа-райының нашарлауына байланысты менің шопаным кешке адасып, қайтып оралмады. Сауран аудандық полиция бөлімі, Түркістан облысы ТЖМ, аудан әкімдігінің қызметкерлері түні бойы бірге іздеді. Келесі күні іздеу одан әрі жалғасып, шопанды дін аман таптық. Барлығына үлкен рахмет!».
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі