Алматы төріндегі Арбатта Kitap Fest фестивалі аясында «Атамұра» баспасының кітаптарының тұсауы кесілді. Жиналған жұртшылыққа баспадан шыққан жаңа кітаптар таныстырылып, «Атамұра» баспасының жұмысы айтылды. Кітапсүйер қауыммен қауышқан баспа басшысы мен бір топ қаламгерлер «Атамұра» баспасының тарихынан сыр шертіп, бүгінгі бағыты мен жұмыстары жайлы да айтып өтті. Таныстырылымның тізгінін ұстаған журналист Жарқын Сәленұлы: «Қазақ руханиятының дамуына ерекше үлес қосқан «Атамұра» баспасының еңбегі зор. Тағы бір жақсы жаңалығымыз баспа балалар әдебиетінің дамуына да ерекше үлес қосты.
Өткен жылы осы баспада қызмет еткен кеңесші жанашыр болған ақын, ұстаз қазақ балалар әдебиетіне ұлттық болмыста жан бітірген Серік Қалиевтің құрастыруымен «Қазақ балалар поэзиясының антологиясы» мен «Қазақ балалар прозасының антологиясы» оқырмандарына жетті. Ол кісінің «Ұқыпты бала» атты кітабы да жақында жарық көрді. Бұл кітапта бүкіл қазақи дүниетаным, болмыс бар. Сондықтан баспа балалардың ұлттық тәрбиесіне де баса назар аударып жатыр», – деді.
Баспаның бүгінгі жұмысы мен жоспары жайында «Атамұра» корпорациясының Президенті Рақымғали Абрарұлы сөз алып, баспадағы үш негізгі бағыт жайлы атап өтті.
« Кітап сүйер қауым бүгін сіздер қазақ фольклорының қайнар көзінен топтастырылған керемет алтынмен апталған, күміспен күптелген 17 кітаптың тұсауын кесу рәсімінің куәсі болып отырсыздар. Баспа бүгінде үш бағыт бойынша жұмыс істейді. Яғни үш сериямен кітап шағарып жатырмыз. Бірінші бағыт- «Атамұра кітапханасы».Ұлы Абай атамыз, М.Әуезовтен басталып бүгінгі көзі тірі классиктермен жалғасын тауып жатыр. Сол классик жазушыларымыздың бірі Кәдірбек Сегізбаев ағамыз арамызда отыр. Екіншісі- «Атамұра- мектеп» кітапханасы. Бұл жерде мектептегі балалар бір шығармадан үзінді оқитын болса, сол шығарманың толық нұсқасын «Атамұра-мектеп» кітапханасынан оқи алады. Мысалы Дулат Исабековтың «Гаухартас» шығармасының үзіндісін оқыса, толық нұсқасын оқуға мүмкіндігі бар. Оқу бағдарламасына енген кез келген жазушының шығармасын толық нұсқада оқи алады.