Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

-3 C
Nur-Sultan
-0.1 C
Almaty
1.3 C
Shymkent

Жәнібек Әлікен:»Ақынның жер жарған атын жамылып мұндай ортақол дүние түсіруге әсте болмайды!»

Танымал

Ел аузында

Мұқағали киносын көрдім. Жалпы жаман кино емес деуге болар еді егер фильмнің аты Мұқағали емес басқалай болса және басты кейіпкердің аты Мұқағали емес Мұқаш болса.

Кезінде Иса Байзақовты «Ән қанатында » фильмінде Мұса деп көрсеткендей. Ондай болса барлығы да ақталып кетер еді һәм қазақ киносына тәуір бір кино қосылар еді. Жоооқ . Кино «Мұқағали» деп аталады . Жанры -биографиялық. Ал кино биографиялық болған соң ол жерде өтірік сюжет, жалған мәлімет, жинақталған образ беруге тіпті хақың жоқ. Айбар Мұқағалиұлына Қасым Жәкібаевтың Азамат есімді ұлының тағдырын апарып жапсыру бұл тарихи қиянат. Рас, Айбар Мұқағалиұлы әлдекімдердің қол жұмсауымен денсаулығы бойынша көптеген азап көрді . Оның өзі Мұқаңның көзі кеткен соң, есейіп жігіт болып қалған уақытында. Өкінішке орай бұл Мақатаевтар отбасының жеке трагедиясы. Ал онсыз да драма мен шерге толы Мұқағалидың өміріне басқа семьяның трагедиясын әкеп жапсыру біреудің аяғын әкеп біреуге жапсырғандай олқы дүние. Күні ертең жас ұрпақ Мұқағали атамыздың баласы ұлтшыл боп, сол себепті мүгедек боп қапты деп жүрсе кімге не айтпақсың? Аңыз әдемі, бірақ жалған!Рет ретімен баяндайыншы.

Сценарий – жаңағы үлкен олқылықты есептемегенде жалпы жаман емес. Ақынның тозған қоғамда, тар құрсауда қалғанын, азаттыққа ұмтылысын көрсеткісі келген екен, ол үддеден белгілі бір дәрежеде шыға білген. Бірақ тағы да қайталап айтайын, жаңағыдай басқа семьяның трагедиясын әкеп жапсырмай басқалай детальдармен көрсетілуі тиіс еді. Операторлық жұмыс -нашар! Мұқағали мен Нұрғисаның алғашқы диалог сахнасында екі кейіпкердің шаштарынан басқа ештеңе көрмейсің. Телефонмен тығылып түсіргендей арт жақтарынан ғана береді. Кейіпкерді айналдыра көрсетететін панорамдық түсірілім жоқ. Керек кезде, нағыз драмалық шарықтау (кульминационный момент) кейіпкердің келбетін ірі кадрмен алмай мысыңды құртады есесіне керексіз кезде алады және ол өзін өзі ақтамайды. Осындайда біздің КӨРКЕМ ФИЛЬМ түсіріп жүрген операторларға крупный кадрды қай жерде алу керек екенін үндінің екінші, үшінші сорттағы СЕРИАЛДАРЫНАН үйреніңдерші деп айқай салғың келеді.

Қоюшы суретшінің жұмысы – нашар. Іргетасы шіріген, сылағы түскен ескі ғимараттар арқылы тозған, тоқырауға ұшыраған қоғамды көрсеткісі келген болар, ақынның үйінің тым жұпынылығы арқылы Мұқаңның материалдық тапшылығын көрсеткісі келген болар, бірақ киноның өн бойынан осыларды үздіксіз көрсету белгілі бір дәрежеде көрерменнің еңсесін басып шаршатып жібереді. Біз бұдан тоқсаныншы жылдары С. Апырымовтың, Р. Нұғмановтың кинолары арқылы баяғыда өтіп кеттік емес пе?Актерлік ойын -нашар! Бас кейіпкерМұқағалиды ойнаған актер киноның ең басты табысы деуге болады. Киноның постерін көріп ұнамап еді (біздікілер постер де жасай алмай күйдіреді ғой, шіркіндер), актердің маңдайының сәл тарлығы болмаса дене бітімінің ірілігімен, тұлғасымен Мұқағалиға расымен ұқсайды екен. Актердің портреттік ұқсастығына риза боп отырасың тек аузын ашқанша. Аузын ашқаннан басталады бәрі. Өлеңді сингармонизм және үндестік заңын сақтамай оқитынын былай қойғанда орысша акцентпен оқып күйдіреді. Онымен қоймай сондай бір жалынсыз, рухсыз оқиды. Не үшін өйтенін мен білмедім, айналайындар -ау Мұқаңның өзінің өлеңдерін оқыған даусы сақталған емес пе? Және айызыңды қандырып қалай оқиды десеңші?! Мінеки, кинода Мұқағали Мәскеуде шет елдік студенттердің алдында өлең оқып тұр. Оқығанда мұғалім аттай қалап оқышы деп сұрап алды. Шалқып, асқақтап, тебіреніп, толқып оқудың орнына мұрнының астынан міңгір- міңгір етіп бірдеңені оқып берді. Француз келіншек қазақ тілі қандай сұлу -деп таңғалады. Анандай оқылудан соң- сенбеймін! Тура Әміре фильміндегі Әміренің болмай қалған даусына барлығы жылап тұрып тамсанатыны секілді сенімсіз көрініс. Фильмнің басында Мұқағали партбилетін лақтырып есікті теуіп ашып шығып кетеді. Бұл ақынның кесек мінезінен хабар беріп көрерменге «вызов » тастайды. Содан кейін -ақ басқа Мұқағали боп шыға келеді. Не шаттанып күлмейді, не кесек мінез тастап кесіп айтып оқиғаны шиеленістермейді, не елі үшін, жері үшін күйініп сөз айтпайды, рухтанып шалқымайды, образ боп жарылмайды, тек әйтеуір транквилизатор қабылдап алған адамша мең – зең боп жүреді де қояды. Үздіксіз торығу.

Пай! Пай! Пай!

Киелі неткен жер!

Батырлар дүрілдеп өткен жер,

Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер,

Ғашықтар бір-бірін өпкен жер,

Сарылып сал-сері кеткен жер.

Бас иіп, иіскеп топырағын,

Тағзым жасамай өтпеңдер! -деген секілді рухты өлең жазған ақынға ұқсамайды әйтеуір.Болмаса мына масқараға қараңыз. Ақынның сап -сау, аяқ -қолы балғадай әп- әдемі баласын мүгедек қып шашын тоқыр, көзін соқыр етіп арбамен шығарып беріп жатыр. Сондағы Мәриямның айтқан сөзі дегендей, сондағы Мұқағалидың реакциясы мен актердің оценкасын мынау- Балам саған не болған?! Болды! Бітті! Осылай қып шығарып беруі заңдылық сияқты, «спокойно» қабылдайды. Өзі арқалы ақын, өзі балажан әке, өзі батырдың ұрпағы баласының мүгедек боп арбаға таңылып шығуын осылай қабылдай ма? Айтыңдаршы ?! Жарылатын кез осы кез еді ғой. Жоооқ! Мең -зең деген дәріні ішіп алған, беті бетон секілді киноның ең шырқау шегін тым сабырлы қабылдайды. Бұл ситуацияны осылай қабылдап тұрғанда ауырған кездегі арықтап- азып кету деген секілді актерлік жанкештілікті сұрамай -ақ қоялық. Роль үшін салмақ тастап арықтау, семіру, жындыханаға түсіп аурулардың өмірін іштен көру, таксистің рөлін ойнау үшін бәлен ай таксист болу секілді жанкештілікті істесін ана Роберт де Ниро, Хит Леджер, Кристиан Бейл секілді голливудтік ақымақтар. Біз осылай зіңгіттей боп жүреміз, зіңгіттей боп өлеміз. Нұрғиса Тілендиев Бауыржан Момышұлы секілді тұлғалар бар кинода. Бұларға қарасаң режиссер актерлерді жинап алып осыларға пародия жасайсыңдар деп тапсырма берген секілді. Сен Баукеңмен аттас екенсің, Бауыржанды сен ойнай сал, сен композитор екенсің Нұрғисаны сен ойнай сал деп рөл таратқан сияқты. Басқалай айту мүмкін емес. Жылпың-жылпың , шошаң-шошаң еткен ойсыз Нұрғиса, мұртынан басқасы ұқсамайтын гүрілдек Бауыржан. Әруақтардан ұят емес пе?Хош, оператор ұнамады, қоюшы суретші ұнамады, актерлік ойын ұнамады , айналып келгенде осының барлығына кінәлі режиссер емес пе?!

Оператор Нұрғиса мен Мұқағалиды тек арт жағынан түсірсе демек оның ар шетінде режиссердің бала күнінде Абдолла Қарсақбаевтың фильмінде ойнаған рөлі экранның қақ ортасында тұр ғой. Мұның атын өзін-өзі тықпалау дейді .Ұяттау дүние. Актерлар ойнай алмаса, драмалық сәттерде жана алмаса демек режиссердің тапсырмасы осы!Асығыс келген Фаризаның асығып тұрғанына сене алмасам, емшегі салбыраған мүсінді бір емес бірнеше рет көрсетіп, онымен қоймай соны көрсеткенде Фаризаға арналған өлең оқылғанына амалсыз күрсінсем, тентек баладай терезеден ысқырып тұрған Нұрғисаның образына жыным келсе осының бәріне кінәлі кім? Режиссер!Фильмді көріп отырып Уилл Смит ойнаған «Я легенда» фильмін көріп отырған жоқпын ба деп бір ойлайсың. Көшеде адам жоқ.Қадада тірі пенде болсашы. Ақынның жалғыздығын көрсеткісі келген болар деп мұны ақтайық, тырнақ астынан кір іздегендей болмайық деп.Бірақ осының бәрін таусылып неге айтып отырмын?! Сөз басында айттым, кино Мұқағали деп аталмаса мұншама шұқшимас едік деп. Өкінішке орай кино Мұқағали туралы. Ал Мұқағали деген барша қазақтың ең қастерлі, ең аяулы, жүрегінің терең төрінен орын берген ең сакральді дүниесі. Мұндай қастерлі дүниеге науқандық көзқараспен бұлай келуге болмайды!Ақынның жер жарған атын жамылып мұндай ортақол дүние түсіруге әсте болмайды! Сөз соңы. Өткенде осы ойларды өз ортамыздағы топқа жариялап отырсам бір замандасым айтады. Мықты болсаң өзің түсіре ғой деп. Осындай сөз бола ма?Менің мамандығым режиссер емес, мен үкіметке салық төлеуші қарапайым тұтынушымын. Еңбек бөлінісі деген бар. Киноның түсірілуіне, жолдың жасалынуына, оқушылардың мектепте оқуына, адамдардың емделуіне мен мүлде бас қатырмауым керек және сапалы дүние талап етуге толықтай қақым бар. Ресторанға барып «тамағың дәмсіз екен»-деп шағым жасасаңыз, олар «ұнамаса өзің жасап ал» деуге бола ма, және десе де қандай күйде боласыз?!

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

ПРОБАЦИЯЛЫҚ ЕСЕПТЕГІ 400 АЗАМАТҚА АРНАЛҒАН ФОРУМ: «ӨТКЕННЕН САБАҚ, БОЛАШАҚҚА ҚАДАМ»

Түркістанда полиция мен прокуратураның ұйымдастыруымен «Өткеннен сабақ, болашаққа қадам» атты форумы өтті. Тәртіп сақшыларының қызметтік жүйесі бойынша пробациялық есепте тұрған...